419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО: Айыртау ауылындағы халық доңыз фермасының салынуына қарсы

  • 540
  • UPD: 08:54, 22.12.2020

Шығыстағы Ұлан ауданы Айыртау ауылының халқы доңыз фермасын салуға қарсы. Аудан әкімдігі елді мекен аумағына бірнеше мың шошқа  өсіретін кешен салу жөнінде жоба дайындап, инвестор тартқан. Ауыл шаруашылғын дамыту мақсатында қолға алынған жобаның экономикалық тиімділігін түсіндіруге келген аудан әкіміне халық  мәселені төтесінен қойды.

Айыртау - малы мен жаны өскен ауыл. Екі мыңға жуық тұрғынның көбі қорасында мал ұстап, аудан орталығындағы құс фабрикасы мен темір жолда жұмыс істейді. Аудан әкімі бірер апта бұрын осы маңдағы Шымқора, Жаңа Қанай және Айыртау ауылдарының бірінде шошқа өсіретін үлкен кешен салу жөнінде  халықпен кездесу өткізген. Үш ауылдың халқы да бұл жобаға үзілді-кесілді қарсы болған. Алайда жұрт «ферманың Айыртау ауылының іргесіне салынатыны жөнінде шешім шықты» дегенді естіген.

Оразбек  Ақыш, Айыртау ауылының тұрғыны:

- Мұның зияндылығы жел арқылы бүкіл осы адамзаттың бәріне иіс-қоңысы, зияны тиеді. Екінші ол тері тазалайтын хайуан. Оған малға ауруы тиеді. Малдың  өрісін тарылтады. Оған берілгеннен кейін бәрін қоршайды. Қоршап алғаннан кейін «кет, айда» дейді.

Хамит Бердіқожаев, Айыртау ауылының тұрғыны:

- Одан шыққан қалдықтардың бәрі суға түседі. Оның бәрі адамға зиян. Ауылда жалғыз құдық бар. Ол артизанды құдық өзі ағып жатқан. Ауыз су сол жерден ішеміз.

Шошқа фермасын салуға ниетті инвесторлар алғашқы кезеңде  250 миллион АҚШ долларының  жобасын ұсынған. Ол  кешен салынса 2 мыңға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтымақ. Ал оны өсіру үшін Ұлан ауданы аумағынан 400 гектар жер сұрған. Алайда ауыл тұрғындары жайылым жоқтықтан мал басын көбейте алмай отырғанын айтып аң-таң.

Жақсылық  Әзірбай, Айыртау ауылының тұрғыны:

- Қазір 30 басқа таяу ірі қарам бар. 30 бастай ұсағым бар. Бірақ осыған жер жоқ. Сөйте тұрып «шошқа фермасын саламыз» дейді. Бізге жер сұрап барсақ жер анда-мұнда, ит қуды, қоян қашты баяғы.

Олжас Керейхан, тілші:

- Айыртау ауылында бірнеше жыл бұрын орталық ауыз су құбыры тартылған. Алайда тұрғындардың айтуынша, оның суы ішуге жарамсыз. Сондықтан Аққұдық деген бастаудан алады. Енді «ауыл маңына доңыз фермасы салынса, жерасты суы да ластана ма» деп алаңдаулы.

Алаңдаған халықтың көңілін аулауға аудан әкімі өзі келді. Ауыл тұрғындарына шошқа өсіретін кешенге арналған ірі жобаның бүкіл аудан үшін  экономикалық тиімділігін түсіндіруге тырысты.

Нұрынбет  Сақтағанов, Ұлан ауданының әкімі:

- Ешқандай жер ешкімге берілген жоқ. Ондай жобаларды жүргізу үшін тиісті рұқсат құзырлы органдардан алынған емес. Өйткені тұрғылықты жердің, халықтың  қөзқарасы ойлары қажет. Сондықтан халық қарсы болса салмаймыз.

Халық қарсылығын ашық айтты. Дегенмен, аудан әкімі бұл жобаны ауыл тұрғындарымен әлі де талқылап көрмек.

Авторлар: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы