419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сән әлеміндегі сәтсіз операциялардан қалай сақтануға болады? 

  • 270
  • UPD: 08:58, 22.12.2020

Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамына түсетін арыз-шағымдардың 30%-і косметологтармен байланысты. Негізінен бұл көзіне, қасына және иегіне операция жасатқандар. Биылдың өзінде елордада мұндай қызмет түрлерінен зардап шеккендердің саны 20-дан асқан. Косметологтардың қызметін кім қадағалайды?

Гүлнар бес жыл бұрын блефаропластика жасатқан. Алғашқы операциясы өте жақсы нәтиже берген. Сондықтан да болар үш жылдан кейін кейіпкеріміз тағы бір операция жасатуға бел буады. Бірақ бұл жолы ол қабағын емес, көзінің қиығын өзгертетін клиника іздеуге кіріседі.

Гүлнәр, қала тұрғыны:

- Мен бір клиниканы таптым. Олар өздерін біз бәрін жасай аламыз деп жарнамалайтын. Мені қабылдаған дәрігер де барлығын істеп беремін, қолымнан келеді, нәтижесі жақсы болады деп сендірді. Бұл бес минуттық операция деп айтты.

Алайда іс жүзінде операцияның көлемі де, нәтижесі де басқаша болып шықты. Кейіпкеріміздің айтуынша, клиника қызметкерлері «келушілер өте көп, күтуге тура келеді» деп оны кезекке қойған. Кейін қысқа мерзімде орын босағанын айтып, тағы хабарласқан. Бірақ былықтың барлығы сол сәтте басталды. Уақыттың тығыздығына сілтеген қызметкерлер жай ғана қабылдауға барған Гүлнәрды тез арада операция жасауға көндіреді.

Гүлнәр, қала тұрғыны:

- Операция кезінде бірдеңе дұрыс болмады. Мен оны хирург қобалжи бастағанда бірден сездім. Оның үстіне қосымша жансыздандыру препараттары қолданылды. Жергілікті наркозбен жасалғандықтан барлығын біліп, естіп жаттым. Ал операциядан кейін хирург тіпті жаныма да жолаған жоқ. Көзімнің айналасындағы теріні қатты тартып тастағанын бір аптадан кейін байқадым.

Операцияның нәтижесіне көңілі толмаған Гүлнар оны жасаған хирургқа бірнеше рет барған. Бірақ нәтиже жоқ. «Дәрігер операция ойдағыдай аяқталды. Көз терісінің тартылуы қалыпты жағдай» деп ақталып, ақшасын қайтарудан бас тартқан. Өкінішке орай, косметология саласында соңғы жылдары мұндай жағдайлар  жиілеген.

Еркін Томпиев, Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамының бас маманы:

- Бізге косметологиялық арызбен биыл отыз шақты қыз бала келді. Олардың барлығы операция жасатқан. Біреуінің көзін тартқан, біреуінің мойнын тартқан, сол операциялардың барлығы асқынып, жақсылыққа келтірмеген.

Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланғандықтан бұл нысандардың жұмысын қадағалау қазір қиынға соғып отыр. Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамының пайымдауынша, медициналалық қызмет түрлеріне мараторийдің түк қажеті жоқ.

Еркін Томпиев, Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамының бас маманы:

-  Қазір медицинаға мораторий жарияланған. Мораторий арқылы тексеріс жүргізуге болмайды. Сонда мен ойлаймын, қалай адам денсаулығына, адам еміне мораторий болады. Мораторий болмау керек. Адамдарды емдейді косметологтар, стоматологтар оның ішінде қандай дәрігерлер емдейді, олардың ішінде сертификаттары, лицензиясы бар ма? Олар мораторий деп бізге тексерткізбейді.

Косметологиялық қызметтерге шағымдардың көбейгенін дерматолог-дәрігерлер де растап отыр. Әдетте мұндай пациенттер «сәтсіз операция салдарын түзетуге келеді» дейді мамандар.

Жұлдыз Шарапиденова, дәрігер-дерматокосметолог:

- Блефоропластикадан кейін келетін көптеген науқастар бар.  Бірақ оларға қайта операция жасайтын кездер аз болады. Оларда негізінен терісі немесе бұлшық еттері дұрыс бітпейді. Тыртықтар пайда болады. Біз реабилитолог ретінде теріні жақсартып, тыртықтарды кетіру және тазарту жұмыстарын жүргіземіз.

Сән саласындағы тағы бір өзекті мәселе арнайы заңның жоқтығы.

«Біздің елімізде косметологиялық қызмет көрсететіндердің біліктілігін бақылайтын мекеме жоқ. Екі күндік курстан өткен кез келген адам өзін косметологпын деп жариялап, түрлі процедураларды өткізе береді», - дейді мамандар.

Светлана Романовская, Қазақстан Тұтынушылары ұлттық лигасының президенті:

- Стандарттар да, реттеуші заң да жоқ. Сондықтан мен бұл салаға назар аударуға шақырамын. Косметологтарға барушылар  науқастар болып санала ма, әлде қызмет алушылар бола ма.  Яғни тұтынушылардың нақты статусы да жоқ. Бұл қызметті ешкім реттемейді. Оны ешкім тексермейді. Сапа да, қауіпсіздік те емес. Ал адамдар болса, өз денсаулығын қатерге тігіп, түрлі процедураларға  ақша төлейді.

Сонымен бет-әлпетті әрлеу трендке айналған заманда косметологтың құрбаны болмау үшін не істеу керек? Ең алдыменғ сіз барған клиниканың құжаттарын қараған абзал. Ондағы мамандарының лицензиясының бар-жоғын бірден анықтау керек. Ал операцияға бел буған жағдайда мамандар тек заңды тұлғалармен келісім-шарт жасауға кеңес береді. Өйткені олқылықтар шыққан жағдайда заңды тұлғаларды жауапкершілікке тартып, құқығыңызды қорғауға мүмкіндік болады.

Авторлар: Ғазиза Мұхамеджанова, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы