420,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада сауда желілеріне азық-түлік сатып алу үшін бөлінетін сома көбейеді

  • 145
  • UPD: 12:37, 22.12.2020
Елордада сауда желілеріне азық-түлік сатып алу үшін бөлінетін сома көбейеді Baq.kz

Алтай Көлгінов бірқатар ірі сауда желілерінің басшыларымен кездесті.

Келесі жылдан бастап сауда желілеріне «айналым механизмі» бойынша бөлінетін сома көбейетін болады. Бұл туралы қала әкімі өз инстаграм парақшасында бөлісті:

«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – басты назарда. Біз әлеуметтік маңыздағы азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар шараларды жүзеге асырдық. Сауда желілеріне «айналым механизмі» бойынша бөлінетін соманы 13 еседен астам – 180 млн теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін өсірдік. Бұл әрекетіміз әлеуметтік маңызды тауарлардың 16 түріне ұстап тұруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге сатып алуды ұлғайттық және бағаны тұрақтандыруға қатысатын сауда желілерінің санын 4-тен 12-ге көбейттік.

Сонымен бірге шаруа қожалықтарымен қосымша – 704 млн теңгеге 5 мың тонна көкөніс сатып алуға форвардтық келісім жасадық. Нан өнімдеріне бағаны тұрақтандыруға жергілікті наубайханаларға 600 млн теңгеде аса қаржы бөлдік. Бұл шаралар әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұруға кәдімгідей көмектесті».

Әкімнің айтуынша, сауда желілеріне «айналым механизмі» бойынша бөлінетін сома 2021 жылдан бастап ұлғайтылмақ.

«Елордада барлығы 7 логистикалық кешен бар, 4 көтерме-тарату орталығының құрылысы жүріп жатыр (үшеуі – жеке инвесторлардың есебінен). Инвесторлар сонымен бірге жылыжайлар, азық-түлік базарларын, көкөніс қоймаларын, сүт зауытын және т.б. нысандарды салу жөніндегі жеке жобаларды қолдап отыр. Бұл шаралар да азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түсіп, нарықты жергілікті тауарлармен толтыруға мұрындық болады», – деп жазды Алтай Көлгінов.

Хабар 24 телеарнасы