419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ELLE журналының қазақстандық нұсқасы шықты

  • 119
  • UPD: 19:31, 22.12.2020

Әлемдегі ең танымал француздық ELLE журналының қазақстандық нұсқасы жарық көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше әлемдік брендтерді біріктіріп отырған «Partners Media Group» баспа үйінің жаңа өнімінің digital-форматы да ерекше. Сән, сұлулық, денсаулық тақырыптарын қамтитын әйелдерге арналған ELLE журналының 70 процент контенті –қазақстандық.

Француздық ELLE журналы әлемнің 60 елінде басылады. Танымал басылым енді қазақстандық оқырмандар үшін де қолжетімді. Жылтыр журналда брендтің бастапқы стилі мен ерекшелігі сақталған. ELLE-дің 75 жылдығына арналған алғашқы санында оқырман журналдың тарихы мен оның негізін қалаған Элен Гордон-Лазарефф туралы мәліметтерге қанық болады. Басылымның негізгі аудиториясы – 18 бен 50 жас аралығындағы нәзік жандылар.

Зарина Маржохова, ELLE.com.kz сайтының редакторы:

– Элен Гордон-Лазарефф болашақты болжай білетін, сезімтал әйел болған. Журналдың жаңа нұсқасында оның рухани жан дүниесін, жан-жақтылығын, сұлулығын, бекзаттығын, нәзік бола тұра басымдығын оқырманға жеткізгіміз келді. Осы идеяны журналдың ұстанымы ретінде қабылдадық.

Шығарушы топтың құрамында Қазақстанның және әлемнің тәжірибелі медиамамандары еңбек етуде. Журнал оқырманның сұранысты қамтуға бағытталған. Басылымың басым бөлігін қазақстандағы сән мен сұлулық туралы ақпараттар құрайды. Сондай-ақ ELLE-дің бетінен шоу-бизнес өкілдерімен сұхбат, сапалы фототүсірілімдер, әдемілік туралы сабақтар, талғамды қалыптастыруға көмектесетін кеңестер, танымал аспаздардың тағам әзірлеу құпиялары мен психологтардың ұсыныстары көрініс тапқан. Сонымен қатар журналдың жаңа нұсқасы Women ELLE Love айдарымен толықты. Бірегей айдар тек әйелдерге ғана емес, ер азаматтарға да қызықты тақырыпты көтереді.

Зарина Маржохова, ELLE.com.kz сайтының редакторы:

– Біз Әли Оқапов, Тәуекел Мүсілім сынды танымал азаматтармен сұқбат жасадық. Олар еш жерде айтылмаған, қызықты оқиғаларымен бөлісіп, ой-пікірлерін ортаға салды. Мұндай шынайы сұқбаттар оқырманға танымал тұлғаларды жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Журналдағы тың дүниелерді elle.com.kz сайтынан қарауға болады.

Partners Media Group холдингі 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ең ірі баспа үйі қазір Robb Report, ELLE, Esquire, Cosmopolitan және Harper’s Bazaar сияқты халықаралық 5 басылымды жарыққа шығарып отыр. Бұл журналдардың бәрі қазақстандықтар үшін диджитал-форматта да қолжетімді. Оқырмандар кез келген уақытта басылымдардың электронды нұсқасын қарап, таныса алады. Бұл аудиториямен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді дейді ұжым өкілдері.

Александр Сандемиров, Partners Media Group-тің digital-директоры:

– Partners Media Group – еліміздегі үздік медиа-холдингтердің бірі. Біз қалың оқырманға таныс әлемдік журналдарды шығарумен қатар олардың digital нұсқасын да жүргіземіз. Әлеуметтік желіні есептемегеннің өзінде біздің платформаларымызды айына 2 миллионнан астам адам қарайды. 

Диана Снегина, Partners Media Group PR-директоры:

– ELLE – әйелдердің жеке көзқарасына ықпал етіп, ұстанымдарын қалыптастырған сән әлеміндегі көшбасшы басылым. Егер ол оқыса, «тек ELLE-ді оқиды» деген брендтің ұраны өзгермейді.

Танымал журналдың әр саны ерекше тақырыптарға толы болады дейді шығарушылар. ELLE Қазақстан журналының бүгінде екі саны жарық көрді. Қазақстандық оқырмандар басылым түрін ғана емес, elle.com.kz сайты арқылы электронды нұсқасын оқи алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы