418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенаторлар білім туралы заң жобасын қарады

  • 133
  • UPD: 18:00, 22.12.2020
Сенаторлар білім туралы заң жобасын қарады Сенаттың баспасөз қызметі

Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен өткен Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында білім, қоғамдық кеңестер, мәдениет және спорт жөніндегі бірқатар заң жобалары қаралды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қоғамдық кеңестер институтын одан әрі дамытуға, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың шешімдер қабылдауына азаматтық қоғамды тарту тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл құжат уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейтеді, мүгедектер мен жүріп-тұруы шектеулі жандармен қоса халыққа спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Заң білім берудің барлық деңгейіндегі оқу бағдарламасына ұлттық спорт түрлерін енгізуді көздейді.

Сенат депутаттары сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстен нострификация рәсімдерін алып тастау жоспарланып отыр. Бұған дейін шетелде медициналық білім алған түлектер нострификацияның оң нәтижесінен кейін ғана дәрігерлік жұмысқа жіберіліп келген болатын.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

Хабар 24 телеарнасы