423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда өндірілетін ресейлік вакцина ең әуелі кімдерге салынады?

  • 141
  • UPD: 22:15, 22.12.2020

COVID-19 індетіне қарсы ресейлік «Спутник-V» вакцинасы Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде өндіріледі.

Әзірге сынақ түрінде шығарылған алғашқы партиясы көрші елге тексеріске жіберілген. Егер оң нәтиже берсе, өндіріске енеді. Екпе ең әуелі кімдерге салынады, жаңа дәрінің бағасы қанша болады?

Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен вакцинаны алғаш рет шығарғалы отыр. Сондықтан жаңа қондырғы алып, өндірісті соған икемдеп, мамандарды арнайы курстан өткізген. Енді Ресейден жеткізілетін дайын субстанция осында ыдысқа құйылып, қапталады. Әзірге сынақ түріндегі алғашқы партиясы көрші елге жөнелтілді. Нәтижесі жақсы болса, өндіріске енеді.

Сергей Барон, Қарағанды фармацевтикалық кешеннің бас директоры:

– Алғашқы 80 мың дозаны ақпан айында шығармақпыз. Ал наурыз айында 150 мың доза, кейін 600 мыңға дейін көбейтеміз. Жоспарланған 2 миллион дозаны шамамен 5 ай ішінде өндіруді көздеп отырмыз.

Вакцина минус 20 градус температурада сақталады. Сондықтан оны емханаларға тасымалдайтын тоңазытқыштар алу жағы да қарастырылып жатыр. Екпе бірінші кезекте дәрігерлер мен ұстаздарға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салынбақ.

Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

– Вакцинаның бағасы субстанция, яғни әсерлі заттың бағасына байланысты болады. Осы жерде кеткен шығындарға байланысты болады, одан кейін оның логистикасына байланысты. Соның бәрін есептей келе бағасы шығады. 

Қазір ел ғалымдары қазақстандық вакцинаны да жасап жатыр. Клиникалық зерттеудің екі кезеңі сәтті аяқталып, үшіншісіне өткен. Егер сынақ оң нәтиже берсе, ол вакцина да дәл осы Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде өндірілмек.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы