419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдағы Барбастау елді мекенінде интернеттің әлсіздігінен оқушылар сабақ оқи алмай отыр

  • 161
  • UPD: 22:28, 22.12.2020

Орал қаласының іргесіндегі Барбастау елді мекенінде интернет сапасы нашар.

«Ауыл» мәртебесі бола тұра әлі күнге мектебі жоқ. Балалар көрші ауылдарға қатынап оқиды. Қашықтан білім беру жүйесі енгелі, оқу тіптен қиындап кеткен.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Барбастау ауылы Самара-Шымкент бағытындағы күре жолдың бойында орналасқан. Қаладан небәрі 20 шақырымдай қашықтықта жатыр. Мұнда 200-дей шаңырақ бар. Тұрғындардың тұрмыс сапасы жаман емес, алайда балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалмаған.

Теректі ауданына қарасты бұл ауылда интернет жылдамдығы тым төмен. Сыртта байланыс сәл де болса ұстағанымен, ғимараттарға кірген кезде жоғалып кетеді.

Әсем Отарбаева – 6 баланың анасы. Жеткіншектердің онлайн оқуына жағдай жасау үшін үйге ғаламтор сапасын күшейтетін құрылғы орнатқан. Алайда одан да пайда болмаған. Балалар бейнесабақтарға қатыса алмай жүр.

Айдана Халиолла, мектеп оқушысы:

– Сабақ түскі уақытта болады. Бейнебайланысқа шықпаймыз, өйткені интернет ұстамайды. Сондықтан тек қана тапсырмаларды орындаймыз. Кейде интернет сөніп қалса, орындалмай қалады.

Әсем Отарбаева, Барбастау ауылының тұрғыны:

– Мектеп бізге ноутбук, роутерлерін берген, бірақ бізде интернет жоқ болғандықтан, балаларды оқыту өте қиын. Мұғалімдер де ренжіп жатады, енді олардың да жұмыстары ғой. Енді біздің қолымыздан ештеңе келмейді.

Карантин басталғанға дейін Барбастаудағы балалар жақын маңдағы Жаңаөмір және Юбилейное ауылдарында білім алды. Қазір оған тек кезекші сыныптарда оқитын жеткіншектер ғана барып жүр. Қалғаны онлайн жүйеге ауыстырылды, алайда бұл тек қағаз жүзінде ғана. Интернеттің нашарлығы білім беру жүйесіне кері әсерін тигізіп отыр.

Мейрамгүл Төлегенова, Барбастау ауылының тұрғыны:

– Қазіргі таңда қызымды қалаға жібердім. Бірінші тоқсанды жартылай қалада оқыды. Қалада, туысқандардың үйінде. Қалада интернет бар ғой. Екінші қызым мектепте кезекші сыныпта оқып жүр. Бұл енді ауылдың мәселесі деп ойлаймын.

Елді мекен мал бағуға, бау-бақша өсіруге қолайлы. Тұрғындардың шаруасы дөңгелетіп отыр. Көшіп кетіп жатқан отбасылар жоқ. Басбастаулықтарды қынжылтатын тек осы – білім саласы. Ондағы жұртшылық ауылға интернет тартумен қатар мектеп, балабақша салып беруді сұрайды. 

Рашид Тоқтаров, Барбастау ауылының тұрғыны:

– 15 немерем бар, соның алтауы мектепке барады, қалғаны кішкентай. Балалардың көбі Госплемге (Юбилейное ауылы) автобуспен апарады. Соған барғанша автобус қирап, сынып, шашырап, талай тұрып та қалды. Уайым-қайғы. Сондықтан балабақша пен бастауыш мектеп салса екен.

Аудан басшылығы Барбастауда ғаламтор сапасын жақсарту бағытында құзырлы басқарма мен операторға ұсыныс жолданғанын жеткізді.

Жанаргүл Құсайынова, Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

– Бұл жайында «Белайнның» операторы айтып отыр. Келесі жылдың жоспарына да, өзіміздің басшымызға да жеткіздік, айттық.

Сала басшысының айтуынша, жаңа мектеп салу әзірге жоспарда жоқ. Үш елді мекеннің арасы тым жақын болғандықтан, тағы бір білім ордасын салу тиімсіз.

Жанаргүл Құсайынова, Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

– Барбастау ауылында қазіргі таңда 147 оқушы бар. Барбастауға көшіп келіп, қоныс аударып жатқан халық бар. Сол үйлер салынып, 2 ауылдың арақашықтығы жарты шақырымға жетпейді. Екі ауылдың балаларын қамтып отырған мектебіміз бар. Және 2010 жылы Юбилейное ауылында 108 орындық жаңа мектеп ғимараты салынып, іске қосылды. Арасы шамамен 4 шақырымдай болатын болар.

Ал балабақша келер жылы ашылуы мүмкін. Жобаға қызығушылық танытқан жеке кәсіпкерге жер телімі берілген. Инвестор 100 орындық бөбекжай салуды көздеп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы