420,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мыңнан астам жамбылдық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жеке іс бастады

  • 124
  • UPD: 22:39, 22.12.2020

Жамбыл облысында биыл ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына мыңнан астам адам жүгініп, жеке іс бастады.

Бұл жобаларды қаржыландыруға 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашқан тұлғалар қазір тірлігін тіктеп, шаруасын табысты жүргізе бастады.

Мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп отырғандардың бірі – Абылнұр Ахметов. Ол қазір мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қатар жүргізіп отыр. Бастапқыда ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгініп, бизнес жобасын ұсынған. Идеясы қолдау тауып, кәсібін он шақты сиырмен бастаған. Биыл шаруа тағы да «Еңбек» бағдарламасына қатысып, 24 миллион теңге несие рәсімдеді. Оған 60 бас етті және сүтті бағыттағы сиырларды сатып алып, мал басын 190-ға жеткізіп отыр.

Абылнұр Ахметов, шаруа:

– Өте ыңғайлы. Бізге бір жыл демалыс береді. Содан соң 6 процент. Жылына екі мәрте төлеп тұрамыз. Төлдетеміз. Еркегін байлаймыз. Етін, сүтін өткіземіз.

Қазір кәсіпкер бірнеше ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Шаруа қожалығында екі сауыншы және екі жұмысшы тұрақты еңбек етеді. Сонымен қатар шаруа өндірілген сүтті жергілікті Сыр зауытына өткізіп, шикізатпен қамтамасыз етуге де үлес қосуда. Бұл ауыл шаруашылығын қолдау қоры тыныс берген бір кәсіп иесі ғана. Өңірде жыл басынан бері осындай мыңнан астам тұлға несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Бауыржан Тәжібаев, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалы бөлімінің басшысы:

– Несие мерзімі несие бағдарламасына байланысты 78 айға дейін қарастырылған. Оның ішінде жеңілдетілген кезеңдер де бар. Одан бөлек, қолайлы кепіл саясаты бар. Ол дегеніңіз, қабырға материалдарына қарамастан және кепіл затының орналасқан жеріне қарамастан кепіл затын қоюға мүмкіншілігі бар. Мемлекет тарапынан 4 млрд 368 млн теңге бөлінген болатын. Бөлінген қаражат 100 процент игерілді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде шағын кәсіп дамып келеді. Бір ғана «Еңбек» бағдарламасының аясында жыл басынан бері 1130 кәсіпкер қолдау тапқан. Шағын несиелендіруге бөлінген қаражаттың 80 проценті мал шаруашылығына жұмсалып отыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы