432,01 515.14 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Батысқазақстандық кәсіпкерлер өндірісті сертификаттау тәртібін оңтайландыруды сұрайды

  • 195
  • UPD: 22:20, 22.12.2020

Әсіресе, жиһаз өндірушілерге қазіргі жүйе қолайсыз.

Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу үшін олардан индустриалдық сертификат талап етіледі. Тиісті құжатты алу бизнес субъектілеріне оңай емес.

Жәнібек ауданындағы кәсіпкер Айболат Аяпов ұзақ жылдан бері жиһаз өндірісімен айналысып келеді. Жақын маңдағы ауылдармен қатар өзге аудандардан да жиі тапсырыс түседі. Цехта қазір 7 адам еңбек етіп жүр. Шеберлер 100-ге жуық тұрмыстық жабдық түрін құрастырады. Әсіресе, ас үй жиһазына сұраныс жоғары. Ал бұрын тапсырыстардың кемінде 40 процентін кеңсе жабдықтары құрайтын.

Айболат Аяпов, кәсіпкер:

– Кеңсе жабдықтарын былтырдан бастап мүлде жасамайтын болдық. Өйткені мемлекеттік сатып алу жүйесі өзгерді. Бізге арнайы сертификат керек. Ал цехты тексеретін сарапшылардың бәрі елордада. Оларды шақыру үшін жолақысын, тамағы мен жатын орнын түгел қамтамасыз етуіміз керек. Оның үстіне жаңа талаптар бойынша өндіріс орнына қымбат құрылғылар орнатуымыз қажет. Бұл үлкен шығынды талап етеді. 

Салада өзгеріс биыл ақпан айында енгізілген еді. Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу үшін алдымен өндіріс орнының қуаты, еңбек күші және тауарлардың сапасы тексеріледі. Әр аймақта осы жұмыстарды атқаратын сарапшы бекітілуі тиіс еді. Алайда облыста әлі күнге маман жоқ. Оның үстіне өнім түрлері сараланатын зертхана да жасақталмады.

Бақдәулет, кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Жиһаз шығару бойынша ассоциация құрылды. Алайда эксперт әлі аттестациялаудан өткен жоқ. Ол ақпан, қаңтар айында аттестациядан өтуі керек. Зертханамыз жоқ. Бүгінгі таңда ең жақын зертхана ол Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысында. Зертхананы ашу жоспарда бар. Зертхананы осы біздің жергілікті ірі компанияның бірінде ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аймақтық кәсіпкерлер палатасы іскер жандардың мәселесін қауымдастықпен бірге шешуге болатынын жеткізді. Облыста әзірге жиһаз шығаратын небәрі 3 кәсіпорын индустриалдық сертификатқа ие болған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы