420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Полигон. Жарты ғасырға жалғасқан қасірет

  • 97
  • UPD: 22:36, 22.12.2020

«Хабар» телеарнасы өткен ғасырдың ортасында қазаққа жасалған озбыр әрекеттерді фильм арқылы көрсетті.

Алты бөлімнен тұратын туынды «Полигон» деп аталады. Қырық жылдан аса уақыт қазақ даласына қастандық жасаған қандықолдардың әрекеті фильмде айна-қатесіз көрсетіледі.      

Қазақ – қайғыдан қан жұтқан ел. Нәубет көрді. Қаратаңдақтан қырылды. Кейін қан майданға аттанып, жер жастанды. Бертін келе, ядролық сынақтардың құрбаны болды. Иә, көршінің құқайын көрдік. Шыдадық. Төздік. Бірақ әлгілер шектен шыға бастады.

Мәскеу білгенін істеді. 18 млн гектар жердің ойранын шығарды. 456 жарылыс жасады. Жарты миллионға жуық адам зардап шекті. Балалар шетінен кемтар болып туып жатты. Қаншама қазақ қатерлі ісікке шалдығып, өлім құшты.

Одақтың оспадар орындаушылары бұл қазақты жаншып бітті. Сабыры сарқылған соң, жұрт өре түрегелді. Қозғалыс құрды. «Невада-Семей» деген атау берді.

Өткен ғасырдың қасіреті «Полигон» телехикаясына арқау болды. Түсірілім тобы алты ай бойы тынымсыз еңбек етіп, 6 бөлімнен тұратын телетуындыны көзі қарақты көрерменнің назарына ұсынды. Саяси детектив Тәуелсіздік күнінде «Хабар» арнасынан көрсетілді. 

Бақдәулет Кенжалиев, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

- Тарихи шындық көрсетіледі. Бұл фильмді түсіргенде де мүмкін қарсыластар болған шығар. Бірақ соның бәрін өз жағына аударып алып, соңында тіпті өзінің дұрыс істемегенін генералдың өзі мойындап, өзін-өзі атуға алып барады, соның өзі керемет түсірілген.

Телеарнаның Тәуелсіздік күнінде тап мұндай тарту жасауы тегін емес. Бұқара бірігіп, жұдырықтай жұмылды. Алып күшке айналды. Сөйтіп, сірескен сеңді бұза білді. Егемендік аларда да жұрт тап осылай жұмылған. Бодандық бұғауын бұзған жастар ешкімнен жасқанбады. 

Түсірілім тобында 300 адам еңбек еткен. Олар нақты деректерге сүйене отырып, осындай тың туындыны әзірлеп шыққан.

Фильмде қозғалысты құрған Олжас Сүлейменовтің облыс басқарып, бұқара базынасын тыңдай білген Кешірім Бозтаевтың, полигонды жабу туралы құжатқа қол қойған Нұрсұлтан Назарбаевтың образдары сәтті сомдалған.   

Ғалымқайыр Мұтанов, ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі:

– Олжас Сүлейменов, Кешірім Бозтаев сынды азаматтар халыққа нақты мәліметтерді жеткізіп, соны халыққа түсіндіріп, үлкен бір халықтық қозғалыс болған. Соның негізінде 40-50 жылдай өз қызметін атқарған полигон жабылды.

Қаймана қазақ бұл қасіретті еш уақытта ұмытпайды. Сынақ алаңын жауып, ядролық қарудан бас тарттық. Мұны өзге елдер өнеге қылып отыр. Өткенді ұмытпаймын, өрлігін ұлықтаймын деген әрбір қандас «Полигонды» міндетті түрде көруге тиіс.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы