427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысында азық-түлік 40%-ке дейін қымбаттаған

  • 281
  • UPD: 09:49, 23.12.2020

Қызылорда облысында азық-түлік қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде өсімдік майы, жұмыртқа, қарақұмық пен қанттың бағасы 20-дан 40%-ке дейін шарықтаған. Мамандар бұл өнімдер облыс аумағында өндірілмегеннен кейін шектік баға енгізу экономикалық тиімсіз дегенді айтады. Аспандаған бағаны ауыздықтау мүмкін бе? Жергілікті билік қандай қарекетке көшті?

Нұрлан Жақыпбеко, тілші:

- Жадыра Сейітжанова әлеуметтік азық-түлік сөрелерін жағалауға мәжбүр. Өйткені басқа жерде азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Базарда келісі 280 теңге болатын қантты ол бұл жерден 218 теңгеге сатып алды. Сол сияқты әлеуметтік маңызды 10-нан астам өнімнің бағасы 10-15%-тей арзан сатылуда.

Жадыра Сейітжанова, қала тұрғыны:

- Әсіресе, осы 1 аптаның көлемінде жұмыртқаның бағасы көтеріліп кетті. 29-30 теңге еді ғой, 45 теңгеден алған жерлер болды. «Біз де солай қымбат алып жатырмыз, үстіне кішкене қойып сатып жатырмыз» дегендей болды. Ал былай нақты түсіндіру деген болған жоқ.

Биыл еліміздің кей өңірлерінде және Ресейде өршіген құс тұмауы бірқатар құс фермаларын үлкен шығынға ұшыратқаны белгілі. «Жұмыртқаның 20%-ке дейін қымбаттауының бірден бір себебі осы», - дейді мамандар. Ал қарақұмық, қант және өсімдік майының құнына шикізат жетіспеушілігі әсер еткен.

Ерхан Ағыбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Күнбағыс майының қымбаттауы елімізде егіс алқаптарының қысқаруы және сырттан келетін күнбағыс шикізатының аз мөлшерде келуіне байланысты. Сондай-ақ күнбағыс майының қымбаттағаны басқа да елдерде, оның ішінде Ресейде де байқалады.

Дегенмен әлеуметтік маңыздағы 19 азық-түлік түрінің бағасы аспандап кетпеуі үшін өңірде бірқатар шаралар қолға алынған. Соның ең негізгісі – ірі сауда орталықтарында әлеуметтік бұрыштар ашу. Ол үшін кәсіпкерлерге өте төмен пайызда несие беру тетіктері қарастырылыпты. Ал бұл жеңілдіктің қайтарымы ретінде бизнес иелері халыққа арзан өнім ұсынады.

Лаура Жанасбаева, облыстық тұрақтандыру қорының басқарма басшысы:

- Өнімдердің бағасын тұрақтандыру мақсатында, осы кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында үстіміздегі жылдың 4 желтоқсанында жергілікті бюджеттен 400 млн теңге қаржы бөлінген еді. Оның ішінде I сортты ұнға, қант, өсімдік майы, қарақұмық жармасы, тауық жұмыртқасы, сиыр етіне, осы өнімдерге негізделген тікелей өнім өндірушіден әкеліп, өзінің сауда нүктелерінде, сөрелерінде белгіленген бағада қояды.

Нұрлан Жақыпбеко, тілші:

- Қазір облыстың тұрақтандыру қорындағы 2500 тоннадай тауар 29 әлеуметтік дүкен мен 5 әлеуметтік бұрыш арқылы арзан бағада сатылуда. Дегенмен, біз барған сауда орталығындағы арзан жұмыртқа аз уақыттың ішінде таусылып қалды. Ал сауда нысанының егесі «күніне бірнеше қорап қана жұмыртқаны арзан бағада сатуға мүмкіншілігім бар», дейді. Оның өзінде әр адамға шектеулі мөлшерде үлестіріледі, 10 дана жұмыртқа, 1 литр өсімдік майы дегендей. Осыған орай келесі жылы облыс орталығы мен аудандардан тағы 36 әлеуметтік дүкен ашу жоспарланған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов

 

Хабар 24 телеарнасы