419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда 2021 жылы коммуналдық тарифтер ақысы өзгеруі мүмкін

  • 105
  • UPD: 15:43, 23.12.2020

Ақтауда келер жылдың наурыз айынан бастап коммуналдық тарифтер өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаланы техникалық, ауыз су және кәріз құбырларымен жабдықтаушы кәсіпорын табиғи монополияларды реттеу комитетінің аймақтық департаментіне өтініш хатын жолдап та қойған.

Бұл жаңалықты шаһар халқы қалай қабылдады? 600-ге жуық адам жұмыс істейтін мекеме мұндай қадамға не үшін барып отыр?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Су, кәріз құбырларын жаңалау кезінде үйлердің іргесіндегі жаяу жүргінші жолдары сүріліп, асфальт бұзылады. Мұны қала тұрғыны ретінде өзіміз де көріп жүрміз. Инфрақұрылым желілерін ауыстыру жұмыстары аяқталған соң орны тегістелмей, көлік қозғалысына қиындық тудырып келді. Коммуналдық мекеменің автопаркі былтыр 5 арнайы техникамен толыққан соң жағдай өзгерді. 5 адамнан құралған бригада бүлінген жерді жөндеп, қалпына келтіреді.

Арнайы техникаларды сатып алуға өңір бюджетінен бөлінген 70 млн теңге жұмсалыпты. Жалпы коммуналдық мекеме автопаркінде 80-нен астам арнайы техника бар. Басым көпшілігі ескірген. Қосалқы бөлшектерді ауыстырып, жанармай құюға көп шығын кетеді. Бұған жеке және заңды тұлғалар уақытында төлемеген 100 млн теңгеден астам берешек қаржыны қосыңыз. Осындай себептер тарифтерді көтеру үшін өкілетті органға ұсыныс беруге түрткі болған. Мұны естіген қала тұрғындарының пікіріне құлақ түрдік.

Нұрғаным Имашева, қала тұрғыны:

- Әлде басқа қалаларда жағдай басқаша ма?! Әйтеуір, біздің Ақтауда барлық зат қымбат. Ай сайын тамақ алу үшін айлықтың жартысы кетеді. Ендігі жылдан бастап коммуналдық төлемдер көтерілсе, не болады?!

Раушан Деменова, қала тұрғыны:

- Жалпы өз басым қарсымын. Қазір ауыз суды 83 теңгеден төлейміз, келер жылдан бастап оны 119 теңгеге көтереміз дейді. Жылуға 646 теңгеден болатын. Ол 900 теңгеге дейін қымбаттайтын болса, халық оны ертең қалай төлейді? Білмеймін, бұл дұрыс емес қой.

Қолданыстағы коммуналдық тарифтер 2015 жылы бекітілді. Яғни, биыл мерзімі аяқталды. Кәсіпорын жоғарыда аталған себептерге орай жылу мен ауыз судан бөлек, техникалық су құнын 61,4 теңгеден 312,14 тиынға, ал ыстық судың бағасын 93,89 теңгеден 168,82 теңгеге көтеруге ниетті. «Ұсынысымыз мақұлданған жағдайда барлық шығынды өтеп, әлеуетті арттыруға мүмкіндік туар еді», - дейді мекеме басшысы.

Бақыт Шапқан, коммуналдық кәсіпорын директоры:

- 2015 жылы жұмыс бастаған кезімізде жаңа тарифпен 712 теңге болды. 2018 жылы қауіпсіздік кеңесінің бұйрығымен 696-ға дейін түсірткізді. Содан кейін бізде инвестбағдарламаларын орындамады деп, 646-ға дейін түсірген. Енді менің айтып тұрғаным, тек жылу жағынан. Тап сондай жағдай бізде ауыз судан да болды. Ыссы судан және кәрізден болған. Енді техникалық судан бізде тарифтер сол бұрынғы деңгейде, 61 теңгеден. Қазір қала оны пайдаланбайды, көбі ауыз суға ауысқан.

Коммуналдық мекеме алдағы бес жылда өзіндік инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асырмақ. Соның ішінде жалпы ұзындығы 24,8 шақырымдық инженерлік желілерді жаңартып, қала бойынша 2 мыңға жуық су өлшегіш құралдарды орнатуды көздеп отыр. Қашықтан мәлімет алуға мүмкіндік беретін мұндай технология былтыр 200 мекенжайға қойылған еді. Коммуналдық кәсіпорын ұжымының өзге де жоспарының орындалуы жаңа тарифтердің мақұлдануына тікелей байланысты.

Жандос Сәлімов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитеті аймақтық департаментінің басшысы:

- Ең бастысы халық үшін тарифтерді көтермеу керек. Ел бойынша осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өтінім келіп түсті бізге. Бұл деген болжамды тарифтер деп айтуға болады. Әрі қарай біздер оны қарайтын боламыз.

Заңға сәйкес өкілетті орган өтінімхатты күнтізбелік 90 күн ішінде қарап, саралауы тиіс. Бұл ақтаулықтар коммуналдық тарифтерге қатысты өзгерістерді келер жылдың көктемінде біледі деген сөз.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы