423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда мейрамхана иелері жұмыс істеуге рұқсат сұрады

  • 132
  • UPD: 19:48, 23.12.2020
Оралда мейрамхана иелері жұмыс істеуге рұқсат сұрады

Оралда мейрамхана қожайындары жергілікті биліктен қайта жұмыс істеуге рұқсат беруін сұрады.

Кәсіпкерлер бірнеше айдан бері табыссыз қалғандықтан айтарлықтай шығынға ұшырағанын айтады. Көбі несие төлей алмай, әлек болып жүр. Санитар мамандар тойханаларды дәмхана ретінде пайдалануға кеңес берген. Алайда кәсіпкерлер оған келіспейді. Олар санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, думанды кештерді өткізуді қалайды. Бизнес субъектілері қала әкімімен кездесіп, арыз-талаптарын жеткізді. Дегенмен, олардың уәжі қанағаттандырылмады. Аймақта эпидахуал әлі тұрақсыз.

«Карантин талаптарына сәйкес, отбасылық және ұжымдық іс-шаралар ұйымдастыруға әлі тыйым салынады», - деді шаһар басшысы. Әкім қаржылық қиындыққа тап болған кәсіпкерлерді қолдау тетіктері қарастырылатынын айтты.

Жеміс Сәрсенғалиева, кәсіпкер:

- Банкке бәрі барып жүр осылардың. Бәрінде просрочка. Миллиондаған, айына миллион жарым төлейтін ресторандар бар. Мына жаңа жылдың алдында халыққа бір мүмкіндік беру керек деп ойлаймын.

Абат Шыныбеков, қала әкімі:

- 25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында еліміз бойынша карантиндік шараларды күшейту қабылданған, сондықтан қазір ресторандарымыз бен тойханаларымызға  мерейтойлық, не болмаса корпоративтік шаралар өткізуге мүмкіндік жоқ. Әртүрлі бағдарлама арқылы көмектер көрсету жөнінде ұсыныстарды анықтадық. Оны болашақта біздің кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, тиісті органдарға жеткізіп, қолдау мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы