420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаулық іскер әйелдер қауымдастығы сырқат балаларға қуаныш сыйлады

  • 211
  • UPD: 23:03, 23.12.2020

Маңғыстау облысының іскер әйелдер қауымдастығы Жаңа жыл қарсаңында сырқаттанып жатқан балаларға қуаныш сыйлады. Облыстық балалар ауруханасының қабырғаларына ертегі кейіпкерлерінің суретін салып, ғимаратты ғажайып әлемге айналдырды. Бұл іскер ханымдардың биыл жасаған алғашқы қайырымдылық шарасы емес. Жыл бойы науқастар мен дәрігерлерге көмек көрсетіп келеді.

Гүлбану Айдарова 6 жастағы ұлымен ауруханаға 6 күн бұрын түскен болатын. Соқыр ішегіне операция жасалып, сәтті аяқталды. Қазір денсаулығы түзеліп, күннен күнге жақсарып келеді.

Гүлбану Айдарова, қала тұрғыны:

- Аурухананың ішіне мынандай суреттер салған екен, дизайны өте керемет. Бала түгілі өзің де қарасаң көңілің күшті болып жайланып қалады. Бала деген сәл затқа қуанады ғой. Сол секілді бәріміз де мәз болып қалдық. Күннен күнге жайнап жатыр іші, әдемі жылы. Барлық жағдай жасалған.

Ғажайыпқа толы қабырға – облыстық іскер әйелдер қауымдастығының тартуы. Сырқаттанып жатқан балаларға жылу мен қуаныш сыйлау мақсатында аурухананың бірінші қабатына тұтас сурет салған. Айболит, ақкөңіл үкі сияқты көптеген ертегілер кейіпкерлерін кездестіруге болады. Мамандар бұл дүниені үш аптаның ішінде жасап шығарған. Картиналарға 10 литр сыр жұмсалыпты.

Марта Құталиева, шығармашылық студияның жетекшісі:

- Біздің суретшілеріміз балалармен жұмыс істейтін кәсіби мамандар. Кішкентай бүлдіршіндерге қандай суреттің ұнайтынын жақсы біледі. Сырқаттанып жатқан балалардың көңілін көтеру үшін ашық түстерді көбірек қолдануға тырыстық. 

Ирина Беляева, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

- Бұл облыстың іскер әйелдерінің алғашқы жобасы емес. Осыған дейін Ана мен бала орталығында фотоаймақ жасадық. Перзентханадан шыққан жас ана мен бала, олардың туыстары сол жерге суретке түсіп, мәз-мейрам болысады. Бұл өмірлік естелік қой. Біз аналар мен балаларға қуаныш сыйлай алсақ, мақсатымыздың орындалғаны.

Аймақтың іскер әйелдер қауымдастығы пандемия кезінде көптеген қайырымдылық шараларын жүзеге асырды. Негізінен ауруханалардағы науқастар мен дәрігерлерге басымдық берілді. Қауіпті дертпен күресуші ақ халаттыларды ыстық тағаммен қамтып, қажетті заттарын алып берді.

Авторлар: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы