427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылық зейнеткер фудблогер атанды

  • 241
  • UPD: 11:55, 24.12.2020

Алматылық зейнеткер Гүлдана Жұмашева ұлттық тағамдарды қалай әзірлеуді үйретіп, видеоларын ғаламторға жүктеумен айналысып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасы алпыстан асқан фудблогер бүгінге дейін 250-ге жуық бейнеролик түсіріпті. Отыз жыл мектепте еңбек ектен ардагер ұстаз ұлттық тағамдарды көне рецепт бойынша әзірлейді. 

Гүлдана Жұмашева нарынды ешбір қоспасыз, көне дәстүрге сай әзірлейді. Оның құндылығы да осында дейді. Зейнеткер фудблогер ұлттық тағамның бірнеше түрін біледі. Интернет әлеміне 2016 жылы балалары смартфон сыйлаған соң алғаш рет қадам жасапты. 

Гүлдана Жұмашева, фудблогер:

– Телефонда өзім бір жылдай отырдым. Қазақтың ұлттық тамақтарын қарап жүрдім. Кейбір келіспейтін жерлерім де болды. Сол кезде қыздарым канал ашыңыз деді.

Сөйтіп, ютубта канал ашуына қыздарының осы сөзі түрткі болыпты. Сол жылы зейнетке шыққан ол зейнетақыларын жинап, камера сатып алады. Бүгінде оның каналына 120 мыңнан астам адам тіркелген. Қаралым да жаман емес. Мысалы, оның авторлық рецепті бойынша құйрық май дайындау туралы бейнекөрінісін 700 мыңнан астам адам көріпті. Кейде жас келіндер қоңырау шалып ақыл-кеңес сұрап тұрады екен.

Гүлдана Жұмашева, фудблогер:

– Бір қыз 17 жаста тұрмысқа шығыпты. Қолынан ештеңе келмейді. Сол маған хабарласты. Сонымен бір апта сол қызбен отырдым. Тамақ істедік. Енесіне тамақ істей алмаймын деп ұялыпты.

Әлеуметтік желіні жүргізудің қыр-сырын жақсы меңгерген зейнеткер жақында «Күміс батырмаға» ие болыпты. Ал біз сұхбат алып болғанша нарын да дайын болды.  

Ұлан Нарынбек, тілші:

– Жалпы нарынды дайындауға екі сағатқа жуық уақыт кетеді. Әне-міне дегенше екі сағат та өте шықты. Гүлдана апайдың нарыны да дайын болып қалған екен. Енді дәмін көрейік. Шынында да Гүлдана апайдың көрермендерінің мақтайтындайы бар екен. Нарынның дәмі тіл үйіреді. 

Гүлдана Жұмашева алдағы уақытта да көрермендерінің қатарын көбейтсем деген ниетте. Ойы лайк жинап, жарнамадан ақша табу емес. Мұндағы мақсатым – сан ғасырдан бері келе жатқан ұлттық тағамдарды дайындауды жастарға үйретсем дейді зейнеткер.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы