423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы қайырымдылық қоры науқас балалардың арманын орындайды

  • 131
  • UPD: 22:51, 24.12.2020

Армандар орындалады. Бұған ауыр дертпен алысып, жақсы күндерден үміт үзбеген балалар бек сенімді.

Алматыда қайырымдылық қор 3 пен 18 жас аралығындағы науқас балалардың арманын орындап, жігерлерін жаныды.

Әділет Қожатаевтың жасы 17-де. Балалықпен қоштасып, енді арманға қанат қағамын деген шақта жеткіншек жаман ауруға шалдығады. Дерт уайымшылды дендей береді емес пе?! Сондықтан қайырымдылық қор өкілдері Әділеттің арманын орындап, «Қайрат» футбол командасының белді ойыншыларымен кездестірді.

Әділет бала кезден алаңда ала допты айналдырғанды ұнатады екен. Футболмен 3 жыл кәсіби түрде шұғылданып, өз қатарластарынан озық көрінеді. Алайда күтпеген жерден келген ауру аяғына тұсау салады. «Бірақ мойымаймын», - дейді Әділет. Бүгін ол Айбол Әбікен, Сергей Кейлер, Данил Устименко сияқты алматылық футбол командасының мықтыларымен бірге кәсіби алаңда доп тепті.

Әділет Қожатаев, қала тұрғыны:

- Күткен де жоқпын осы жаққа әкеледі деп. Үміттер болды. Қатты қуаныштымын келгеніме. Керемет әсер алдым. Өзіме қатты ұнады. Жазылған соң футболды тағы бастаймын деген үміттемін.

Қазір Әділет екі операцияны басынан өткерді. Енді үшіншісіне дайындалып жүр. 12 рет химиялық емдеу қабылдаған. Дәрігерлер жеткіншектің жағдайы жақсарып келеді деп үміттендіруде.

Әділет Қожатаев, Алматы тұрғыны:

- Арманым – болашақта футболист болу. Өзіме ұнайтын іспен айналысып, жүргім келеді. Ең бірінші қазір жазылып, денсаулықты сақтау. Одан кейін бәрі болады.

Қайырымдылық қоры екі жарым айда 10 баланың арманын орындаған. «Мақсат – аурудан қажыған балаларды бір рет сергітіп, қолдау көрсету», - дейді жастар.

Шамиль Ванкеев, қордың атқарушы директоры:

- Науқас баласы бар отбасында негізінен бүкіл қаржы сол баланы емдеуге кетеді. Және бүкіл уақыт, бүкіл отбасының қам жейтіні – сол баланың емделіп кетуі. Біздің басты мақсат – ата-аналарына көмек ретінде баланың бала ретінде сезінуін қалаймыз .Сол себепті арманын орындауға тырысамыз.

Бүгінде қайырымдылық қорға арманын шындыққа айналдыруға 60-тан аса науқас бала өтініш білдірген. Қор өкілдері келесі жылдан бастап ел аймақтарында волонтерлердің көмегімен балалардың арманын іске асырмақ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы