419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда ретро шыршалар көрмесі өтіп жатыр

  • 140
  • UPD: 23:32, 24.12.2020

Алматыдағы орталық көрме залына келушілердің қатары көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда ретро шыршалар көрмесі өтіп жатыр. Мұнда ескі жылдардағы ойыншықтар ілінген. Ал арнайы іздеп келіп қызығушылық білдіргендердің арасында жастар ғана емес, егде жастағы адамдар да жетерлік.

Ескіні еске түсіріп, жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алғысы келетін Алматы тұрғындары орталық көрме залына соқпай өтпейді. Өйткені мұнда сонау 1930-шы және 1940 жылдардағы көздің жауын алатын әдемі ойыншықтардың көрмесі өтуде. Жаңа жыл символы жасыл шырша десек, оны безендіру дәстүрі әлі де бар. «Алайда қазір сол сапалы ойыншықтар жоқтың қасы», - дейді көрмені ұйымдастырушылар.

Татьяна Кожухова, «Ретро шырша» көрмесінің кураторы:

- Кеңес өндірісінің өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Шыны ойыншықтар шығаратын зауыттар бар еді. Қазір олардың бәрі көзден бұл-бұл ұшты. Шыршалардағы әртүрлі ертегі кейіпкерлері мен жеміс-жидектер, сол секілді ғарышкерлер мен жануарлардың алуан түрі көздің жауын алатын. Және бұл ойыншықтардың өте жоғары сапада жасалғанын көрмеге келушілер жақсы түсінеді.

Көрмеде әртүрлі шыршалар бар. Әсірісе көпшілікке жақсы таныс 1950 жылдардағы неміс және Чехословакия ойыншықтарымен безендірілген шыршаны айналып өту мүмкін емес. Саз балшықтан жасалған шыршаның да өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл шыршаны жасау денсаулыққа өте зиянды болғандықтан, төрт жылдан кейін зауыт жұмысын тоқтатқан. Ал, әскери шыршадағы ойыншықтардың басым көпшілігі Екінші Дүниежүзілік соғыспен байланысты. Қиын-қыстау кезеңде халықтың сана-сезімін серпілту үшін ойыншықтарды қолдан жасауға тура келді.

Татьяна Кожухова, «Ретро шырша» көрмесінің кураторы:

- Өткен ғасыр басындағы шыршалар сол кезеңнің талғамына сай безендірілген, өйткені шыны ойыншықтар қымбат және оларды тасымалдау қиын болған. Сондықтан ойыншықтар матадан, барқыттан, жемістерден, көкөністерден, жаңғақтардан жасалды.

Көрмеге қойылған бұл ойыншықтарды қазір дүкендерден сатып ала алмайсыз. Мұндағы әрбір ойыншықтың тарихы мен мән-мағынасы тереңде жатыр. Гена қолтырауыны, дәрігер Айболит және әйгілі Алтын балықты да осы көрмеден кездестіре аласыз.  Бұл заттардың барлығы 15 жыл бойы ойыншықтар жинап келген Светлана Крупкоға тиесілі.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Анастасия Вылегжанина, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы