419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемендік волонтерлер балаларға жаңажылдық сыйлықтарды әлеуметтік желі арқылы жинады

  • 119
  • UPD: 22:05, 25.12.2020

Қазір облыс орталығында 280-нен астам бала ауруханада емделіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантиндік шектеулерге байланысты олар отбасылық мерекені ата-аналарымен бірге қарсы алмайды. Сондықтан қаладағы белсенді блогерлер мен волонтерлер жаңажылдық сый-сыяпатты бүлдіршіндерге жеткізіп берді. 

Бүлдіршіндерді қуантуға арналған қайырымдылық шарасына бірінші болып өскемендік хоккей клубының ойыншылары қол созды. Мұндай игі шараны олар жыл сайын өткізеді. Әлемге тараған індетке қарамастан, жылдағы дәстүрден биыл да жаңылған жоқ. Ал жергілікті блогерлер бүлдіршіндерге сыйлықты әлеуметтік желілер арқылы жинады. 

Александра Осипова, блогер:

– Әлеуметтік желілер арқылы қолға алған жобамыздың қолдау табарына көп сенбедік. Дегенмен халық бірден қолдап әкетті. Көбі ортақы ісіміз деп түсінді.

Бас-аяғы бір аптада акцияға жүздеген адам атсалысты. Жергілікті блогер Александраның бастамасын Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да қолдап, акцияға атсалысты.

Ольга Рыпакова, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:

– Шын мәнінде балалар жаңа жылдың отбасылық мереке екенін білуі керек. Сол үшін олардың барлық тілектері орындалсын. Сондықтан мен бұл акцияны үлкен қуанышпен қолдадым.

Халық пен қалталы азаматтар және спортшылар жинаған базарлық әуелі ана мен бала орталығында емделіп жатқан  бүлдіршіндерге жеткізілді.

Қазима Рахметова, облыстық ана мен бала орталығының медбикесі:

– Қазір пандемия кезінде балалар ата-аналарымен күнделікті кездесе алмайды. Сондықтан олар үшін бұл сыйлықтар өте жақсы болды. Көңіл-күйлері бір көтеріліп қалды.

Балаларға базарлық ретіндегі жаңажылдық жобаны ұйымдастырушылар әлі де жалғастыра бермек. Енді жиналған сыйлықтар жағдайы жоқ отбасындағы бүлдіршіндерге таратылады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы