420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық ғалымдар алғаш рет қар көшкіні туралы бюллетень шығарды

  • 125
  • UPD: 14:57, 26.12.2020

Қазақстанның георгафия және су қауіпсіздігі институты алғаш рет тәжірибе ретінде қар көшкіні туралы бюллетень шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматылық ғалымдар бұл жобаны жасау кезінде швейцариялық әріптестерінің тәжірибесін басшылыққа алыпты. Бюллетеньде Іле Алатауында адамдар көп баратын шатқалдардағы қар көшу қаупі бар жерлер туралы ақпарат жазылған. Маңызды мәліметтер Төтенше жағдайлар министрлігінің, «Қазгдромет» пен «Қазақстан альпизим федерациясының» сайтында да жарияланып тұрады.

Тауға шығып серуендеушілердің саны жыл санап көбейіп келеді. Сондықтан қауіпсіздікке ерекше мән берген жөн. География және су қауіпсіздігі институтының мамандары бұл жоба қыс кезінде оқыс оқиғалардың алдын алуға септігін тигезеді деген үмітте. Тәжірибелік жобаны география ғылымдарының докторы Виктор Благовещенсикий жасаған. Ғалымның пікірінше, қазіргі таңда тауға шығушылар көшкін қаупі туралы ақпаратқа зәру

Виктор Благовещенский, ҚР География және су қауіпсіздігі институтының аға ғылыми қызметкері:

- Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін бюллетень шығара бастадық. Бұрын Қазақстанда мұндай болған емес. Бірақ Америка, Еуропа елдері қолданады. Қар көшкіні бюллетені жарияланып, қауіптілік деңгейі көрсетіліп тұрады. Осы тәжірибені Қазақстанда да енгізіп жатырмыз.

Бюллетеньде Алматы маңындағы таудағы қардың қалыңдығы мен қай жерде көшкін жүру қаупі бар екені көрсетіледі. Негізінен Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің аңғарыдағы жағдай туралы ақпарат беріледі. Өйткені осы жерлерге адам көп барады. Көшкін қаупі 5 баллдық жүйе бойынша бағаланады. Болжау үшін ақпараттық технологиялар қолданылады. Қардың қалыңдығы туралы мәліметтерді альпинистер де беріп тұрады. Мысалы, Швейцарияда мамандар мұндай мәліметтерді волентерлерден алады екен.

Виктор Благовещенский, ҚР География және су қауіпсіздігі институтының аға ғылыми қызметкері:

- Бұл бюллетеньдерді біздің институттың, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, сондай-ақ «Қазақстан альпинизм федерациясының» сайтында жариялап тұрамыз. Сонымен қатар Telegram-да тікелей байланыс арнасын аштық. Ол жерге 300-ден астам адам тіркелген. Олар бюллетеннің пайдалы екенін айтып отыр.

Қар көшкіні туралы бюллетень әзірге мерекеге орай ғана шағарылып отыр. Ал ақпаратты күнделікті жариялап тұруға ғалымдардың қаржысы жетпейді. Олар жоба өзінің өміршеңдігін дәлелдесе, туризмді дамытуға ниетті мемлекеттік органдар мен жекеменшік компаниялардың тарапынан қолдау табады деген үмітте.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы