421,39 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды құттықтау қолға алынды

  • 127
  • UPD: 15:30, 26.12.2020

Оралда жаңажылдық сауық кештер мен ертеңгіліктер өткізуге тыйым салынғаны мәлім.

Дегенмен, аймақта аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды үйлеріне барып құттықтау қолға алынды. Тәтті сыйлықтар мен ойыншықтарды оларға ертегілер мен мультфильм кейіпкерлері жеткізіп беріп жатқанына арна тілшісі куә болып қайтты.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Жеті жасар Айбар қалаға Ақжайық ауданынан жақында көшіп келіпті. Қазір әжесінің тәрбиесінде. Сал ауруына шалдыққан балаға ерекше күтім керек. «Оңалту курстары мен дәрігерлердің үздіксіз бақылауы бізге аса қажет. Ал, мынадай жаңажылдық құттықтауды күтпеп едік, өте ризамыз», - дейді әжесі.

Ләззат Нұрғазиева, қала тұрғыны:

- Айбар алты жарымда, осы 2021 февральдің 23-інде 7 жасқа толады. Егіздің сыңары. 8 ай аппаратта жатты. Қазір ДЦП деген диагноз қойды. Мына киініп келген кейіпкерлерге мың да бір алғыс, ешқандай қиыншылық болмасын, тек тыныштық болсын! 

Ертегі кейіпкерлері осындай 300-ге тарта отбасыны аралап шығуды жоспарлап отыр. «Басты мақсат – балаларға жаңажылдық көңіл-күй сыйлау», - дейді олар.

Райымбек Жұмат, қалалық жастар мәдениет үйі режиссёрінің көмекшісі:

- Ерекше балаларға осындай тосынсыйлар жасап жатырмыз. Үй-үйлерді аралап, оларға жақсы көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, сыйлақтарын табыстап жатырмыз. Өкінішке орай пандемияға байланысты оларға арнап үлкен іс-шаралар, ертеңгіліктер өткізе алмай отырмыз.

Қаланың бас алаңында жаңажылдық шырша орнатылды. Барлық мерекелік іс-шаралар әлеуметтік желілер көмегімен онлайн форматта өтпек. Айта кету керек, өңірдегі мемлекеттік қызметшілер биыл корпоративтік жиындардан бас тартып, қайырымдылық мақсатта 14 миллион теңге қаржы жинады. Бұл қаражат та аймақтағы мыңнан аса жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға көмек ретінде жұмсалған.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы