420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында ТЖД күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

  • 124
  • UPD: 20:23, 26.12.2020

Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшті. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында сауда орындарын, мейрамхана, дәмханаларды, көп қабатты үйдің аулаларына дейін аралап, тексеруге кірісті. Ал бір аптадан бері 20-дан астам жарылғыш өнімдерді сақтау және өткізу орнына рейд жүргізген. Тексеріс нәтижесі бойынша 1300 бірлік пиротехникалық өнім тәркіленді.

Жаңа жыл жақындаған сайын мерекелік отшашудың да саудасы қыза түсері анық. Оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайларды болдырмас үшін қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері полицейлермен бірлесіп сауда орындары мен базарларға рейд жүргізді. Дәстүрлі рейдтің басты мақсаты – тиісті құжаты жоқ, сараптамадан өтпеген жарылғыш заттарды саудадан алып тастау. Ақтаудағы орталық базарды түгел сүзіп шықты. Әзірше отшашуды заңсыз сатып жатқандар көзге түскен жоқ. Құзырлы орган өкілдері пиротехникалық бұйымдарды мамандандырылған дүкендерден алуға кеңес береді.

Нұрсұлтан Әбдіраш, қалалық ТЖБ басшысының орынбасары:

- Мерекені тойлау кезінде Қытайдан және тағы басқа шет елден әкелінген, сертификаты жоқ пиротехникалық жарылғыш, жанғыш заттардың заңсыз сатылып, адам көп жиналатын орындарда балалардың кез келген жерде бей-берекет атып ойнауы, салдарынан өрт оқиғаларына, тағы да басқа қайғылы жағдайларға жол беріліп, сонымен бірге өздерінің күйік жарақатын алу фактілері кездесіп жатыр. 

Жарылғыш, жанғыш заттарды рұқсатсыз сатқандарға Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 196-бабы бойынша іс қозғалып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мамандар сондай-ақ тұрғындарға пиротехниканы қолданарда қауіпсіздік ережесін сақтауды қатаң ескертеді. 

Мұрат Мұханов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

- Мына пиротехникалық заттарды сатып алғанда өзінің нұсқаулығы болады. Сол бойынша талап етуін сұраймыз және осы салюттерді ғимарттардан 50 метр қашықтықта атуын сұраймыз. Одан бөлек үйдегі әртүрлі отшашушалрдан абай болып, өрт қауіпсіздігін талап етіп, сұрақ туындаған жағдайда төтенше жағдайлар департаментіне хабарласуға болады.

Отшашуды дұрыс қолданбаса опық жегізуі мүмкін. Былтыр 31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында пиротехникалық заттардың кесірінен 5 өрт оқиғасы тіркеліпті. Ал Жаңа жылдың алғашқы күні Мұнайлы ауданының орталық алаңына құрылған 17 метрлік шырша жанып кеткен болатын.

Авторлар: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы