423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шиелі ауданында жаңа көпір қолданысқа берілді

  • 153
  • UPD: 20:25, 26.12.2020

Қызылорда облысының Шиелі ауданында жаңа автомобиль көпірі пайдалануға берілді. Ұзындығы 70, ені 11 метрлік өткел тұрғындардың көп жылғы мәселесін шешті.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Мына темір жол Шиелі ауданының орталығын қақ жарып өтеді. Екі жағына қоныстанған тұрғындар үшін осы шойын жолды кесіп өту мұңға айналған еді. Мына шлагбаум күніне 20 рет жабылады екен. Жол ашылғанға дейін мына жерде бірнеше шақырымға жететін ұзын сонар көлік кептелісі пайда болады.

Күнделікті күйбеңмен жүрген тұрғындарды айтпағанда кейде көмекке асыққан жедел жәрдем, құтқару қызметтері де пойыздың өткенін ұзақ күтуге мәжбүр.

Ердос Алшынбаев, Шиелі ауданының тұрғыны:

- Кей жағдайларда машиналар үлгіремін деп, шлагбаумнан айналып өтіп кететін жағдайлар болады асығып. Пойыз алыста әлі деп. Өте қауіпті болады.

Жұлдызай Абдуллаева, жедел жәрдем фельдшері:

- Переезде біз 30 минуттай тұрып қалатын кезіміз болады. Бірінен кейін бірі пойыз келген кезде біз шақыртуға кеш барамыз. Кейде бірінші категория болса біз 10 минутта баруымыз керек болады. 5 минутта баруымыз керек. ДТП-лар бар, мысалы.

Соңғы жылдары аудандағы көлік саны еселеп артып, өткел мәселесі өзекті тұрған еді. Айтулы түйіткіл жаңа жыл қарсаңында шешімін тапты.

Көптен күткен көпір небәрі 6 айда салынды. Оның аясында 200-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылып, отандық құрылыс материалдары пайдаланылған.

Нұрбол Ұлықбеков, құрылыс компаниясының өкілі:

- Темір жолдың үстінен өтетін мост болғандықтан биіктігі темір жолдың бетінен 7 метр 20 сантиметр. Лобаратория Алматыдан келіп зерттеді. Сынақты 120 тоннамен жасайды негізі. Саны жасап, рұқсатын беріп, ашып отырмыз.

Құрылысшылар бұл көпірді пайдалану мерзімі 90 жылға дейін жетеді деп кепілдік беріп отыр. Ең бастысы, шиеліліктер үшін темір жол бойындағы сарыла күту мен сағаттап уақыт жоғалту секілді келеңсіздіктер келмеске кетті.

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы