425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында қаңырап тұрған ғимараттар кәдеге жарады

  • 438
  • UPD: 22:43, 26.12.2020

Темірлан ауылында аудандық аурухананың ауласындағы тозығы жеткен ғимарат қайта жөнделіп, провизорлық орталыққа айналды. Ал Қарақұм ауылында кәсіпкер қараусыз қалған нысанды жаңартып, спорт мектебін ашты. Түркістан облысының Ордабасы ауданында осындай ескі ғимараттар демеушілердің көмегімен жөнделіп, ел игілігіне ұсынылып жатыр.

Мына нысанның қаңырап бос тұрғанына бірнеше жыл болыпты. Өткен ғасырда бой көтерген ғимарат қараусыз қалғандықтан әбден ескірген. Жақында жергілікті кәсіпкер күрделі жөндеуден өткізіп, спорт мектебін ашты. Енді ауыл жастары алысқа бармай-ақ осында жаттығады. Қазір мұнда бірнеше спорт түрінен үйірмелер жұмыс істейді. 

Нұрдин Асанбаев, аудандық спорт бөлімінің басшысы:

- Қарақұм спорт кешені демеушілердің көмегімен 10 млн теңгеге жөнделіп, ауыл жастарына берілді. Қазір бұны аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балансына толық алдық. Үш жаттықтырушымыз бар. Олар дзюдо күресі, бокс және қол күрес пен кір тасы бар.

Ал аудандық аурухананың ауласында орналасқан мына ескі нысанды дәрігерлер демеушілердің көмегімен қайта жасақтап, жұқпалы аурулар госпиталіна айналдырған. 40 орынға лайықталған орталықта арнайы бақылау және жансақтау бөлмелері жұмыс істейді. Қауіпті індетке шалдыққан науқастар осы жерде емделеді.

Бақытжан Мырзагелдиев, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

- 3 ай күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Жалпы 57 млн теңгеге жөнделді. Қазіргі таңда 27 науқас жатыр. Оның үшеуі реанимациялық бөлімде жатыр. Тиісті медициналық дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген.

Демеушілердің көмегімен аудандағы өзге ауылдарда да мұндай жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Бөген ауылында кәсіпкерлер қаржы жинап, 12 млн теңгеге ескі нысанды күрделі жөндеуден өткізуде. Жақында ол жерде де спорт кешені пайдалануға берілмек.

Жандос Жұмабек, Ерболат әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы