423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Петропавлда қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері мұқтаж жандарға көмекке келді

  • 247
  • UPD: 09:46, 27.12.2020

«Мейірімділік күні». Петропавлда қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері осындай атаумен кезекті қайырымдылық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы еріктілер қатарынан табылғандар қан тапсырып, көмекке мұқтаж жандарға септігін тигізді. Сондай-ақ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларға тарту жасады.

Бұл – Петропавлдағы қан тапсыру орталығы. Қылмыстық атқару жүйесінің мамандары таң сәріден жұмысқа емес, осында ағылды. Ондағы мақсат – қан тапсырып, өзгеге өмір сыйлау. 

Екатерина Говоркова, ҚАЖД бөлім басшысы:

– Донор болу –сауапты іс. Осы арқылы ертең біреуге көмектесуім мүмкін ғой. Өзім 2017 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып тұрамын.

Акция аясында волонтерлер 90 жастағы Анатолий Плетухинге де қолқабыс етті. Еріктілер қарияның қар басқан ауласын тазалап берді. Жақсылық жасап жүргендердің қатарында шалыс басып, мерзімінен бұрын босап шыққандар да бар.

Владислав Подскребкин, волонтер:

– Әр апта сайын осылай көмекке келіп тұрамыз. Қар тазалаймыз, отын-көмір тасимыз. Кейде дүкеннен қажетті деген дүниелерімен азық-түліктерін әкеліп береміз.

Анатолий Плетухин, қала тұрғыны:

– Балаларым Ресейде. Карантин, келе алмай жүр. Ауланы қардан аршу жалғыз өзіме әрине қиын. Міне, жігіттер бар шаруаны 15-20 минутта атқарып берді.

Шарапаты мол шарадан көпбалалы отбасылар да жылылық сезінді. Алты баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Татьяна Долгушинаға азық-түлікпен киім-кешек табысталды. Ал балаларға Жаңа жыл мерекесіне тәттілер үлестірілді.

Александр Кочкин, ҚАЖД бастығының орынбасары:

– Ұжыммен ақылдаса келе, тағы бір акция ұйымдастырайық деп шештік. Жалпы Волонтер жылында біздің қызметкерлер 65 литр қан тапсырған екен. 50-ден астам отбасыға түрлі көмек көрсеттік. Пандемияның бірінші толқыны кезінде де біз еріктілер қатарынан табылдық.

«Қайырымдылық жасасаң - қайырын өзің көресің» дейді. Сондықтан сала мамандары бұл істі келер жылы да жалғастырмақ ниетте.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы