429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстандағы қандастар қазақ тілді көркем әдебиетке зәру

  • 258
  • UPD: 23:18, 27.12.2020

Өзбекстандағы қазақ мектептеріне көркем әдебиет жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы бауырларымыздың балалары ана тіліндегі шығармаларға зәру.

«Көрші мемлекетте қазақ ақын-жазушыларының кітаптары тапшы болғандықтан, өскелең ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеп, сөздік қорын байыту қиын», - дейді жырақта жүрген қандастарымыз.

Жасын Біркенов, тілші:

- Мен тұрған мына жер Ташкент облысындағы Төменгі Шыршық деген аудан. Мұнда қаймағы бұзылмаған 25 мың қандас бауырымыз түтін түтетіп отыр. Бұлар ұлтымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін һәм әдет-ғұрпын берік ұстанған. Десе де, өскелең ұрпақ үшін алаңдаулы. «Бүгінде тіл тазалығын сақтауға сеп болатын қазақ тіліндегі көркем әдебиет жетіспейді», дейді жергілікті тұрғындар.

Егіз ата ауылындағы мына білім ошағына Жамбыл Жабаевтың есімі берілген. Жыр алыбының атындағы алтын ұяда баланың қиялын байытып, көкжиегін кеңейтетін қазақ қаламгерлерінің еңбегі жетіспейді. Сол себепті мұндағы мұғалімдер ұлттығымыз уланып, тіліміз тілгіленіп қалама деп уайымдайды.

Минура Чинибекова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

Шыны керек, Өзбекстандағы қазақ мектептерінде қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер жеткіліксіз. Тапшы десек болады. Біздің балаларымыз Абайды, Жамбылды, басқа да ақын-жазушылардың шығармаларын оқығысы келеді. Олардың өмірі мен шығармашылығымен танысқысы келеді. Балалар әдебиетпен сусындамаса, өзіміздің ата салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді ұмытуы мүмкін. Олардың сөздік қоры азаюы мүмкін.

Жасын Біркенов, тілші:

- Қойын құрттап, айранын ұрттап жүрген мұндағы жұрттың жоғын жоқтауға келген соң өзімізбен бірге үйдегі кітап сөрелерінде жатқан көркем әдебиетті алып келдік. Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінің жігіттерімен бірлесе жеке қордан ауыл мектебіне 20 шақты кітап табысталды.

Үсенбай Шындауылов, Жамбыл Жабаев атындағы №9 орта мектеп директорының орынбасары:

- Қатты қуанып тұрмыз. Елшіліктің жігіттеріне, өзіңізге мектеп ұжымы атынан алғысымызды айтамын. Бұл кітаптар кітапханадан өз орындарын тауып, біздің балалар оқитын болады. Рақмет сіздерге.

Бүгін асығы алшысынан түскен ала шапандылар еліндегі ағайын алтын тапқандай қуанып отыр. Өйткені мектеп кітапханасында қазақ ақын-жазушыларының еңбектері мүлдем жоқ екен.

Сұлухан Шынтасова, оқушы:

- Өзім үйде көркем әдебиет шығармаларын оқып тұрамын. Көбінесе Жамбыл Жабаев, Абай, Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдерін жаттап, поэмаларын оқып жүремін. Бірақ біздің мектепте оқулықтан басқа қазақша әдеби кітаптар жоқ. Міне, сіздер бүгін алып келіп, бізді үлкен қуанышқа бөледіңіздер. Ол үшін өзімнің және оқушылар атынан алғысымды айтамын.

Іргедегі елде 300-ден аса қазақ мектебі бар. Ана тіліндегі шығармалардың тапшылығы – бәріне ортақ проблема. Ұлы даланың ұлыларын ұмытпау үшін оларды ұдайы ұлықтап жатады. Бірақ бұл рухани құндылықтарымызды дәріптеп, бала бойына халық даналығын сіңіруге ықпал ету үшін аздық етсе керек. Өйткені өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтуде көркем әдебиеттің орны ерекше екені айдай анық.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы