421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында мерекелік шараларды ұйымдастыруға қатаң тыйым салынды

  • 151
  • UPD: 20:33, 27.12.2020

Санитар мамандардың ескертуіне қарамастан Аяз ата мен Ақшақарды сомдайтын жандардың жарнамалары әлеуметтік желіде толып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балаларына жарқын, мерекелік көңіл-күй сыйлағысы келген ата-аналар да олардың қызметінен бас тартпайтын секілді. Әдетте жыл соңында қол-аяғы жерге тимей кететін кеш жүргізушілері биыл қалыптасқан дәстүрді жалғастыра ма? Санитарлық талаптардың сақталуы қалай болмақ?

Мансұр Есқожин, тілші:

- Анастасия Харькова соңғы 6 жыл бойы Жаңа жыл қарсаңында Ақшақар рөлін сомдап бүлдіршіндерді құттықтап жүрді. Түрлі мерекелік жиындардың жүргізушісі ретінде де көпшілікке танымал. Алайда биылғы наурыз айынан бері бірде-бір тапсырыстың болмағандығын айтады. Тек фотоға түсіріп, қаражат тауып келген. Сондықтан жаңажылдық мереке күндеріне үміт артқан болатын. Ұсыныс та жоқ емес. Бірақ көпшілігінен бас тартуға тура келіп отыр.

Анастасия Харькова, ақшақар:

- Барлығына бірдей барамыз деп айта алмаймын. Тек жақындарымыздың балаларын ғана құттықтауға тура келіп отыр. Бұрыннан танитын достарымыз бар. Егер бөгде жандардан қоңырау түсіп жатса, бас тартамыз. Себебі дерт жұқтыру қауіпі бар. Айыппұлды да ұмытпаған дұрыс.

Алайда Анастасия Харькованың сөзіне барлығы бірдей келісе бермейтін сыңайлы. Себебі әлеуметтік желілерде Аяз ата мен Ақшақардың жарнамасы самсап тұр. Кез келген уақытта үйіңізге келіп, мереке сыйлауға әзір.

Соңғы уақытта карантиндік шектеулердің азайғанына қарамастан санитар мамандар қауіптің сейілмегендігін айтады. Қатерлі дерттің ушығуы да тұрғындар арасындағы тығыз байланысқа тәуелді. Сондықтан да мерекелік шараларды ұйымдастыруға өңірде жаппай тыйым салынды.

Гүлбану Дәулетова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- 22 желтоқсан күні Ақтөбе облысының бас санитарлық дәрігерінің 58 қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес жеке тұлғаларға, тұрғындарға, барлығына ескерткіміз келіп отыр. Бүгінгі таңда осы жаңажылдық корпоративтер, жаңажылдық утренниктер, жалпы жаңажылдық мейрамдарды тойлауға рұқсат етілмейді.

Мамандар бас санитар дәрігердің қаулысын қатаң сақтау керектігін ескертіп отыр. Сондықтан алдағы жаңа жылды тек жанұя мүшелерімен қарсы алуға кеңес береді. Ал бүлдіршіндері демалыс кезінде тек сырғанаққа апаруға болады. Эпидемиологиялық ахуалға жауаптылар тек аспан астындағы демалыс орындарының жұмыс істеуіне рұқсат беріп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы