421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл Алматыда 4000-ға жуық адам қаңғыбас иттерден зардап шеккен

  • 135
  • UPD: 22:34, 27.12.2020

Алматыда иесіз иттер азаймай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл бұралқы хайуандардан қалада 4 мыңға жуық адам зардап шеккен. Қалалық қоғамдық кеңес өкілдері иесіз иттерді азайтудың бір ғана жолы бар екенін айтады.

Қаңғыбас иттер мәселесі тек қана қалада емес, еліміздің барлық өңіріндегі өзекті мәселе болып тұр. Биыл Алматы қаласының ветеринарлық қызметіне 5 мыңнан аса төрт аяқтыны аулау туралы өтініш түскен. Жалпы иесіз иттерді аулау үшін қала бюджетінен 159 млн теңге бөлінген. Жыл сайын қыруар қаржы жұмсалғанымен, қаңғыбас иттер азайған жоқ. «Оларды азайтудың бір ғана жолы – ұрықсыздандыру», - дейді жануарлар құқығын қорғаушылар.

Ерлан Смаилов, қоғамдық кеңес мүшесі:

- Қаңғыбас иттерді азайтудың бір ғана тиімді жолы – ол ұрықсыздандыру. Сондықтан бұл мәселеге ит асырап отырған қала тұрғындары үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Олар арнайы ветеринарлық клиникаларға баруы керек. Өйткені бұл жұмыстар қала бюджетінен жүзеге асырылады.

Жол картасының 2017 және 2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша үй жануарларына байланысты біраз мәселе шешімін тапты. Дегенмен, әлі де олқылықтар бар. «Әсіресе, иттерді аулау кезіндегі бассыздықтар жауапсыз қалып жатыр», - дейді қоғамдық кеңес мүшелері. Үш жыл бұрын Сергей Снегирёв есімді азамат өз еркімен қаңғыбас иттерді қамқорлығына алған болатын. Осы уақыт аралағында 250 ге жуық иттің біршамасы өз иесін тапса, біразы үйретіліп, ерекше қажеттілігі бар балалар орталықтарына жіберілген.

Сергей Снегирёв, жануарлар жанашыры:

- Дәл қазір осында 126 ит бар. Әрине, қаңғыбас иеттерді бағу оңай шаруа емес. Оларды алдымен емдеу шараларын жүргіземіз. Одан кейін іріктеу жұмыстары өтеді. Жарты жыл, бір жылдан кейін ғана біз оларды кинологтарға береміз. Соңғы 2 жылда 8 ит қана іріктеуден өте алды. 100-ден аса ит осында өз иесін тапты.

Алдағы күндері қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық ветеринарлық қызметінің мамандары бас қосып, 2021 жылы үй жануарларына қатысты атқарылатын жұмыстарды пысықтамақ.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жықсыбаев

 

Хабар 24 телеарнасы