420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ордабасы ауданы тұрғындарының тек 80%-і таза суға қол жеткізген

  • 109
  • UPD: 22:30, 27.12.2020

Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының тұрғындары 2022 жылы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен толық қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге облыстағы ең ірі аудан халқының тек 80%-і таза суға қол жеткізген. Биыл тозығы жеткен 11 елді мекеннің құбыры жаңартылып, екі ауылға тіршілік нәрі жеткізілді. Енді 14 елді мекен кезегін күтіп отыр. Жергілікті билік ауыз су мәселесін тездетіп шешуге уәде беріп отыр.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Жеңіс ауылының тұрғындары таза ауыз судың қадірін бір кісідей біледі. Себебі жылдар бойы сапасыз су ішіп, тіршілік нәрінен тарығып келді. Арнайы алынған сынама халықтың пайдаланып отырған суының құрамында тұздың көп екенін көрсетті. Ол денсаулыққа зиян. Ал ауыл халқы амалсыздан осы күнге дейін арық суын пайдаланып келген.

Бақыт Мейрамов, Жеңіс ауылының тұрғыны:

- Осы күнге дейін біздің ауылымыздағы ауыз су өте тұзды болатын. Оған жуынуға да болмайды. Анша-мұнша темірді шірітіп жібереді. Соны осы күнге дейін халық пайдаланып келді. Содан жаңадан мұнара қаздырды, ұңғы. Ол жерден кермектілігі 5% тұщы су шықты. Бұған енді халық өте қуанышты. Тек қана осы краннан аққан суды ішіп, пайдаланып жатыр.

Мәселе биыл шешілді. Жергілікті бюджеттен 231 млн теңге бөлінді. Оған ауылдан 3 шақырым жерден жаңа ұңғыма қазылып трансформатор орнатылды. Ауылға құбыр тартылып, халық таза ауыз суға қол жеткізді.

Нұрбол Тұрашбеков, Ордабасы ауданының әкімі:

- Ауданда 57 елді мекен бар. Оның ішінде 43 елді мекен толыққанды ауыз сумен қамтамасыз етілген. Дегенмен де, тозығы жеткен ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін 11 елді мекен болатын. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толыққанды қазір ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қосымша екі елді мекенді ауыз сумен қамтыдық. 2022 жылдың соңында аудан халқы 100% ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Демек, алдағы екі жылда қалған 14 елді мекеннің ауыз су мәселесі шешімін таппақ. Айта кетейік, Түркістан облысында әзірге орталықтандырылған ауыз су жүйесімен Сайрам ауданы ғана толық қамтылған. Аудандағы тіршілік нәрін тасып ішіп отырған соңғы ауыл – Қызылжарға Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында таза ауыз су құбыры тартылды. Жалпы облыс халқының 91%-і таза ауыз су пайдаланады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы