418,54 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында балаларды еңбекке заңсыз тарту тыйылмай тұр

  • 100
  • UPD: 08:41, 28.12.2020

Елімізде жыл басынан балаларды еңбекке заңсыз тартудың 5 дерегі тіркелді. Былтырғы көрсеткіш те осындай. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2 есе төмен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері осылай деді. Бірақ елімізде нақты қанша баланың заңсыз жұмысқа жегілгенін дөп басып айту қиын. Себебі ресми статистика мен шын мәніндегі жағдайдың арасы алшақ. 

Ерасыл Жұмабек, зардап шегуші:

- Өстіп кетіп бара жатқан едім. Кірді да пытырлатып айналдырып жатыр ғой қолды. Мына жағымда үзіп тастай ма деп ойлағам. Тартып қалып ем, саусақтарым жоқ болып кетті. Ішіндегі еті ағып кеткен.

Түркістандық 14 жастағы Ерасылдың қолы білек тұсынан жоқ. Кірпіш зауытында заңсыз жұмыс істеп жүріп, жазатайым жағдайға душар болған. Анасы Тұрсынай бұған кәсіп иелерін кіналайды. Себебі ата-ана рұқсатынсыз ойын баласын еңбекке тартқан.

Тұрсынай Әбутәліпова, Ерасылдың анасы:

- Мен сол күні таңда тұрсам балам жоқ. Кім ойлаған оның Бадамға барып жұмыс істейтінін. Звондасам көтермеді. Кеп қалар деп жатқанымда ауруханадан хабар келді. Сағат 3-те келді. Мен барғанда бір-ақ саусағы деп алдап тұрды.

Ерасылдың зауыттағы күн сайынғы табысы 4 мың теңгеден де аспаған.

Жеткіншектің айтуынша, онымен бірге тағы ондаған бала болған. Және ешбірінде еңбек шарты болмаған. Сондықтан осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, зауыт басшылығына еңбек қағидасын бұзғаны жөнінде айып тағылды.

Қымбат Әлиақбарқызы, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры:

- 2020 жылдың 11 айында 5 факт анықталған. Бұл мәселелердің барлығы бойынша жұмыс берушілер әкімшілік жазаға тартылды. Сондай-ақ жасалған анализ бойынша балалар көбіне жаз айларында демалыс уақытында жұмыс істеген. 2018 жылы еңбек инспекторларымен балалар еңбегі бойынша 10 факт анықталған. 2019 жылы 5 факт анықталды.

Биылғы статистика бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі есе төмен. Бірақ ресми мәлімет жағдайды сол қалпында көрсетпейді. Оның үстіне сала мамандары кәмелет жасқа толмаған балалардың кәсіпорындарда жұмыс істемеуін толық қадағалай алмайды. Оған мүмкіндіктері жетпейді екен.

Сәрсен Дүйсенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқармасының басшысы:

- Жалпылама енді бізде Еңбек инспекциясы тарапынан тексерістер жүргізіледі. Ол бірінші мына жоспарсыз тексерістер өтініштер негізінде. ҚР бойынша 400 мыңнан астам мекеме бар. Ал еңбек инспекторларының саны небәрі 260 бірлік. Соған байланысты бүкіл мекемеге бірден тексеріс жасай алмайды. Оған деген бір уақыт керек.

Ал ресми статистикадан нақты жағдайдың арасы алшақ. Бұған құзырлы органдардың рейдтік іс-шаралары кезінде анықталған деректер себеп. Оның үстіне Еңбек құқығын қорғау министрлігі мен білім және ғылым министрлігі ұсынған мәлімет бір бірімен сәйкес келмейді.

Тимур Қазтуғанов, ҚР Білім және ғылым министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Биыл маусым айында «Балалар еңбегіне қарсы 12 күндік күрес» акциясын өткіздік. Оның барысында 34 дерек анықталды. Ел бойынша еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүрген балалардың көп екені аңғарылды. Бұдан бөлек әр тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдармен рейд жүргізіп тұрамыз. Жыл басынан бері түн мезгілінде ешкімнің рұқсатынсыз, өз қалауымен қызмет көрсету орындарында жұмыс істеп жүрген 85 баланы анықтадық. Бұған әрине заңсыз деген баға беруге болады. Себебі балалардың қолында еңбек шарты болмаған.

Жалпы елімізде еңбек кодексіне сәйкес, 14 жасқа толған баланың оқудан бос уақытында жұмыс істеуіне тыйым салынбаған. Тек денсаулығына зиян келмейтін театр, концерттік ұйым, цирк сынды мәдени орындарда еңбекке араласуына болады.

Ал қалған жерлерде, яғни Ерасыл секілді ауыр жұмысқа жегілу заңсыз. Себебі мұндай жағдайдың соңы орны толмас өкінішке әкелуі әбден мүмкін.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы