420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте ұшақ апаты болған жерге ескерткіш тақта орнатылды

  • 130
  • UPD: 22:24, 28.12.2020

Шымкентте АН-72 ұшағы апатқа ұшыраған орынға ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

27 әскеридің өмірін қиған қайғылы оқиға осыдан 8 жыл бұрын болған еді. Мемориалдық тақта Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен Отан қорғаушылардың құрметіне қойылды. Құлпытасқа қаза болған шекарашылардың аты-жөндері алтын әріптермен жазылды. Жиналғандар марқұмдарға дұға-тілектерін арнап, мемориал басына гүл шоқтарын қойды. Іс-шараға «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының ардагер-шекарашылары, қайтыс болған әскерилердің туған-туыстары мен дін өкілдері қатысты.

Айта кетейік, 2012 жылдың 25 желтоқсаны күні елордадан ұшып шыққан Шекара қызметінің АН-72 әскери ұшағы Шымкент қаласының маңында апатқа ұшырап, 27 әскери қаза тапқан болатын. Бұл тәуелсіз ел тарихында болған ең ірі қайғылы оқиға еді.

Мадияр Жұмаділов, ҚР ҰҚК шекара қызметі бойынша департамент басшысының м.а:

– Бұл шынында да еліміз үшін үлкен қайғылы оқиға болды. Біз өз ісінің шеберлері мен кәсіби мамандарымыздан айырылып қалдық. Қайғылы қазаға ұшыраған әріптестеріміздің әрбірі ерекше ісімен Отанымызға қызмет етіп жүрген нағыз батырлары болатын.

Хабар 24 телеарнасы