419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада кезекте тұрған 300-ден астам отбасы пәтер кілтін алды

  • 118
  • UPD: 17:50, 28.12.2020
Елордада кезекте тұрған 300-ден астам отбасы пәтер кілтін алды

Нұр-Сұлтанда халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 300-ден астам отбасы пәтер кілттерін алды.

Олардың арасында жетім балалар, 1 және 2 топ мүгедектері, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар, ҰОС ардагерлеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілгендер және т.б. бар, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Елордада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі үш есе ұлғайтылды. Қазірдің өзінде 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер үлестірілді. Іс қағаздарын жүргізу және пәтер алған азаматтарды кезектен шығару бойынша жұмыстың соңғы кезеңі жүргізілуде.

«Жаңа жыл қарсаңында қалалықтардың тағы бір бөлігі жаңа қоныс иелері атанды. Жаңа жылды жылдар бойы күткен пәтерлеріңізде қарсы аласыздар. Үйдің орналасқан жері өте ыңғайлы, өзен жағасында. Жақын жерде кең аулалар, мектеп және балабақшалар бар. Үйлеріңіз тек қуанышты оқиғаларға толы болсын», - деді әкімнің орынбасары Нұрлан Нұркенов кілтті салтанатты тапсыру кезінде.

Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша биыл бірқатар тұрғын үй бағдарламасына өзгерістер енгізілді, мысалы Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған тұрғын үй бағдарламасына сәйкес білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінен басқа өрт сөндірушілер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері, полиция қызметкерлері де әлеуметтік пәтер алушылар тізіміне енгізілді. Сонымен қатар тұрғындардың әлеуметтік жағынан осал топтарының барлық санаттары тұрғын үй сертификатын алушылар тізіміне енгізілді. 2021 жылдан тұрғын үй сертификаттарының көлемін 1 миллионнан 1,5 миллион теңгеге дейін арттыру жоспарлануда.

«2021 жылдың басында біз тұрғындардың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрғандарға пәтер кілттерін табыстаймыз. 2021 жылы қазіргі рекордтық қарқынды ұстап қана қоймай, қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтамыз. Сондай-ақ қиын жыл болғанымен жұмысын жалғастырған құрылысшыларымызға алғыс айтамын», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Хабар 24 телеарнасы