418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қалың қар оралдықтарды әбігерге салды

  • 175
  • UPD: 22:13, 28.12.2020

Оралда қар қалың жауып, жұртты әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көліктер қатынай алмай, жүргіншілер омбылап қалды. Қазір жол бойындағы жұмысшылар барын салып, қарды аршып жатыр. 

Көлігі қарға батып, қабағы түйілгендердің қарасы көп. Бірақ қар аршуға жауапты кәсіпорын да қол қусырып отырған жоқ. Олар үшін нағыз сыналар шақ жетті. Күн сайын желіге шығатын 350 жұмысшы екі ауысымда жұмыс істеп жүр. Солардың бірі – Мейрамгүл Иманғалиева үш баланың анасы екен. Кезінде педагогикалық колледжді тәмамадапты. Алайда осы жерде тұрақтап, 12 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Үйде отырып сын айтушылар көп. Дегенмен қар аршуға тұрғындар да атсалысса артық болмас еді дейді ол.

Мейрамгүл Иманғалиева, жол пайдалану кәсіпорнының жұмысшысы:

– Кішкене сабырлық сақтауға тырыссын деп айтамыз ғой. Таңғы 6-да тұрамыз, жұмысқа барар уақытта маршрутқа мінеміз. 7-де жұмысқа шығу керек. Жұмыс қиын, бірақ соған төзе білеміз.

Коммуналдық кәсіпорынға қарасты жүзден аса техника күн сайын осылай сап түзеп, жолдағы қозғалысты реттеуге шығады. Басты проблеманың бірі көше бойында қалдырылған көліктерге қатысты туындайды екен.    

Сандуғаш Серәлиева, мекеменің шаруашылық жөніндегі қызметкері:

– Халық айтқанды тыңдамайды, мына жерлерге көліктерін қойып кетеді. Осы жерге бір белгі керек.

Жандос Дүйсенғалиев, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Көп қала тұрғындары өздерінің ауласындағы, бизнес объектілердің айналасындағы жерлерде «Жайық таза қала» мекемесі тазартады деп есептейді. Бірақ олай емес, көпқабатты үйлер мен бизнес объектілер қожайындары немесе үй тұрғындары өздері КСК-мен бірлесіп тазарту жұмыстарын жүргізу керек. Табиғи құбылыс болғандықтан, қар да жауады, бірақ қала тұрғындары бір мезетте қарды алып кету керек деп есептейді. Ол мүмкін емес.

Дегенмен жауған қарды бірден аршудың қажеті жоқ. Өйткені жұмыс барысында технологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс дейді мамандар:

Ринат Нұрғалиев, жол пайдалану кәсіпорнының директоры:

– Қар жауғанда біріншіден құм себеміз жолдарға. Құм сепкеннен кейін ол көліктің қозғалысымен араласады. Кейбіреулер интернетте жазып жатады ғой, жауғаннан кейін неге шығармайсыздар дейді. Ол өзінің технологиясы бар, ол бірінші араласуы керек. Бірден шығарып жіберсек, көктайғақ болады.

Жол пайдалану мекемесінде жұмыс қолы тапшы. Жастар мұнда келмейді. Қолға күрек алғандардың басым бөлігі елуді еңсергендер екен. 

Ринат Нұрғалиев, жол пайдалану кәсіпорнының директоры:

– Екінші үлкен мәселе – қала бойынша интеллектуалдық бұрылыстар бар. Біздің колонналар келе жатқанда камераға түсіп қалады. Біз оған хат жазып жатырмыз, бірақ айыппұл келіп тұрады. Әр көлікке жоқ дегенде 9-10 мың теңге салады. Қарды оларға дейін тазалап келіп, олардан сыпырмай өтіп кете алмаймыз.

Облыс орталығындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 615 шақырым. Қыс маусымы басталғалы қаладан 100 мың текше метрге жуық қар шығарылған. Ақ ұлпа төгілетін үш бірдей полигонның жалпы аумағы 10 гектардан асады. Бұл әзірге жеткілікті дейді мамандар.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы