421,39 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда инфекцияның 52 түрі бойынша көрсеткіш төмендеген

  • 120
  • UPD: 22:34, 28.12.2020

Індеттің қауіпі сейілген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушылар арасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші өсіп барады. Оку жылы басталғалы 4 мыңға жуық бала дертке шалдыққан. Олардың 994-і кезекші сыныпта, қалғаны қашықтан оқитын балалар. Сондықтан арқаны кеңге салмай, сақтанып жүрген жөн. Коронавирус бой бермей тұрғанмен, өзге инфекциялық аурулардың көрсеткіші төмендегені байқалады. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

Безгек, полиомелит, тырысқақ сияқты қауіпті инфекциялар биыл тіркелмеген. Ал туберкулез көрсеткіші 22 процентке азайыпты. Вирустық гепатит 42 процентке төмендепті. Қызылша 3 есеге, сальмонеллез 2, менингит 1,8 есеге кеміген. Жалпы инфекцияның 52 түрі бойынша көрсеткіш төмендеген. Ауру астан келмеуі үшін, азық-түлік қауіпсіздігіне бақылау үздіксіз жүргізілген. 28 мың түрлі тамақ өнімі тексеруден өткен. Оның 15 проценті тиісті талапқа сай болмаған. Жалпы, биыл елдегі санитарлық-эпидемиологиялық қызмет коронавируспен күресуге күш салды.

Марат Шоранов, ҚР денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Биылғы жыл әлем елдері үшін оңай болған жоқ. COVID-19 деп аталған жаңа вирус пайда болды. Сол вирустың салдарынан туындаған пандемия әлі тоқтаған. Вирус пайда болған кезде оны қалай анықтап, емдеу керектігін ешкім білген жоқ. Алайда біз осы вирустың алдын алу шаралары мен қорғану әдеттерін үйрендік. Диагностика жасап, жаңа инфекциядан емдеу ісін игердік. Бүгінде вакцинация сияқты спецификалық алдын алу шаралары қолжетімді. Сонымен қатар біз қолда бар мәліметтерді пайдаланып, ауру жұқтыру көрсеткішін болжауды меңгердік. Осының арқасында алдын алу шараларын жүйелі жүргізіп жатырмыз.

Алдын алу шарасының бірі – ПТР-дан өткізу. Қазір тестен өткізудің тәуліктік қуаттылығы 100 мыңға жеткен. Бұл әдіс арқылы вирусты анықтау жұмысы сәуір айында басталған болатын. Сол кезде елде небәрі 19 зертхана болған. Тәулігіне 6 мың адам ғана тест тапсыратын. Қазір 132 зартхана мен 48 арнайы бекетте сынама тапсыруға болады. Сәуір айынан бері 5 млн-ғау жуық ПТР тест жүргізілген. Ал ұжымдық иммунитет туралы айтуға әлі ерте.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова зерттеу жүргізіліп жатқанын айтады. Бұған дейін Алматы қаласында 55-56 процентке дейін ұжымдық имунитет қалыптасты деген ақпарат тараған болатын.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:

– Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мен ДДСҰ бірлесе жүргізген зерттеу қорытындысын алдын ала болжаммен жариялап отыр. Яғни қазіргі таңда бұл зерттеу толығымен аяқталған жоқ. Бұл жұмысты 2021 жылдың жиырмасынш қаңтарында аяқтау жоспарда тұр. Қазіргі таңда ұжымдық иммунитетті немесе зерттеуден өткен адамдарда антидене пайда болғанын куәландыратын толыққанды зерттеу қорытындысы туралы айтуға әлі ерте.

Пандемия әлі аяқталған жоқ дейді мамандар. Сондықтан босаңсымау керек. Әсіресе, мереке күндері санитарлық талапты сақтаған жөн. Биыл көпшілік шараларға тыйым салынды. Мейрамханалар мен дәмханалардың қызметіне шектеу бар. 

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы