421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үй аламын деп алданып қалған ақтаулықтардың ақшасы қайтарылып жатыр

  • 141
  • UPD: 00:11, 29.12.2020

Ақтауда алданып қалған «Гаухартас» тұрғын үй кешені салымшыларының мәселесі шешіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік тұрғындарды далада қалдырмас үшін облыстағы өзге құрылыс компанияларының бірімен келісім жасады. Жергілікті үй салушы компания салымшыларды пәтермен қамтамасыз етеді немесе өтініштері бойынша ақшасын қайтарып бермек.

Дастан Ордабаев осыдан бір жыл бұрын «Гаухар тас» тұрғын үй кешеніне 7,5 млн теңгесін салған еді. Келісім бойынша жарты жылда 2 бөлмелі пәтерге қоныстануы тиіс болған. Алайда арада айлар өткенде не ақша жоқ, не баспана жоқ, алданғанын бір-ақ білген. 

Дастан Ордабаев, қала тұрғыны:

– Осыдан 1 жыл бұрын осы жерге ақша салған болатынбыз. Жеме-жемге келген уақытта ол кісі алаяқтық жолмен ақшамызды жымқырып, үй салынбай қалды. Енді міне, бүгінгі таңда әкімшілік құрылыс компаниясы арқылы бір келісімге келіп, үй алатындарға үй, ақша алатындарға ақша береміз деп шешіп отыр. Мен үй алатын шығармыз деп ойлап отырмын.

«Гаухартас» тұрғын үй кешенінен үй аламыз деп алданғандардың қатары көп. Компания басшылары бір пәтерді бірнеше адамға сатып жіберген. Ол аздай жиналған 2 млрд теңгені қалтасына салып алып, қашып кеткен. Қазір қаншама жанды алдаған азаматтар қамауда жатыр, ал 20-шағын ауданда орналасқан үй құрылысы тоқтап тұр. Қылмыстық іс аяқталмайынша, құрылыс жүргізілмейді. Далада қаламыз ба деп алаңдаған тұрғындардың қауіпі сейілді. Аймақ басшыларының араласуымен өзге бір құрылыс компаниясы түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға көмектесетін болды.

Бекнұр Балиұлы, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Бірнеше қала құрылысшыларымен жиналыс болған 20 шақты компанияны шақырып, соның ішінен өзінің ұсынысын білдірген екі компания болды. Содан «К7 групп» компаниясы ұсынысын осы тұрғындарға берді. Кезіндегі салымшылар мен жеке инвестордың екі ортадағы келісім арқылы шешіліп жатыр.

Егер де тұрғындарға жаңа құрылыс компаниясының шарттары ұнамаса, бастапқы салған теңгелерін қайтарып ала алады. Тұрғын үйден бас тартқан 6 азаматқа ақшасы берілді. Қала әкімдігі тұрғындарға пәтер сатып аларда күмәнді үлестік құрылысқа қаржы құймастан бұрын, компания құжаттарымен мұқият танысып, тексеріп алуға кеңес береді.

Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы