423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Макинск қаласының тұрғындары жылуға жарымай отыр

  • 90
  • UPD: 09:22, 29.12.2020

Ақмола облысына қарасты Макинск қаласының тұрғындары жылуға жарымай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөздеріне қарағанда, қақаған аязда үйдегі сынап бағанасы 15-16 градустан аспайтын көрінеді. Салдарынан жылытпайтын жылу жүйесіне де ақша төлеп, қосымша көмір сатып алып, пеш те жағып отыр. Бүрсеңдеген халықтың жанайқайын арна тілшісі Дәуренбек Бағдәулетұлы тыңдап келді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Макинск қаласының тұрғындары жаңа жыл қарсаңында таңғажайыпқа сенудің аз-ақ алдында қалған. Себебі бүгін үйлері қыз-қыз қайнап шыға келген. Мұндай жағдай кейінгі 4 жылда болмаған екен. Бірақ бұл құбылыс көпке бармайтынын тұрғындар жақсы біледі.

Галина Франко, Макинка ауылдық округінің тұрғыны:

- Біздің үйге кіреберісте жылу температурасы 70 градус дейді. Бірақ пәтердің іші қайнап тұр. Әдетте ол 16 градустан аспайды. Мұның себебі жылуды насос арқылы тартып алып отыр. Телеарнадан келеді дегенді естіп қайнатып қойды.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Мына тұрған 23-ші үймен іргелес 12-ші және 14-ші үй тұрғындарының арақатынасы Оңтүстік пен Солтүстік Корея қатынасынан да қиындау. Себеп 23-ші үйдегі жылу жүйесіндегі қосымша насос. Аталған үйде жылу айдағыштың бары рас болып шықты. Бірақ ол техникалық регламентке сай салынған. Яғни рұқсат етілген. Осыған қарамастан, бұл үй тұрғындары да «шекеміздің шылқып отырғаны шамалы» дейді.

Людмила Маскаленко, Макинка ауылдық округінің тұрғыны:

- Біз де пеш жағамыз. Үйдегі жылу 13 градустан асқан емес. Насос болмаған кезде үйдің батареялары қатып қалған. Көшедегі ең ақырғы үй болғандықтан, оны қосуға рұқсат берілді. Оның басқа үйлердегі жылудың болмауына қатысы жоқ.

Жағдайдың ушығып, жаға жыртысуға дейін барғанын ауылдық әкімдік те, жылу таратушы компанияда жақсы біледі. Бірақ мәселені шешуге қауқарсыз. 

Александр Гридасов, «Макинск жылу» коммуналдық кәсіпорны басшысы м.а.:

- Насос осындағы барлық үйде бар. Біз қолымыздан келгенді істейміз. Бірақ олардың үйіне кіріп, оны алып тастауға құқымыз жоқ. Талай мәрте тәуелсіз сарапшылар келіп, тексеру жүргізген. Бірде бір үйде паспорт жоқ. Жылуды өздері қалай болса солай кіргізіп алған. Қысқасы, хаос болып кеткен.

Бақыт Темірболатов, Бұланды ауданы әкімінің орынбасары:

- Проблема таныс, бірақ шешімі жоқ. Біріншіден, насос заңды ма, жоқ па ол белгісіз. Тұрғындар бізге құжаттарды бермейді. Учасковыймен келдік, үйге кіргізбейді.

Қос тараптың текетіресінен әкімдік те мезі болған. Енді мәселені сот арқылы шешпек. Тұрғындар болса, «жауаптылар бұл түйінді қасақана жасап отыр» дейді. Себебі 4 жыл бойы жаураған олар «Хабар 24» телеарнасынан келеді» дегенде үйлерінің қалайша қайнап кеткеніне таңданып отыр. Демек, бұл мәселенің шешімі барына сенімді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Нұрғали Мамурбаев

Хабар 24 телеарнасы