419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Б.Нұрымбетов еңбек құқықтарын қорғау туралы ақпарат берді

  • 120
  • UPD: 11:14, 29.12.2020
Б.Нұрымбетов еңбек құқықтарын қорғау туралы ақпарат берді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Үкіметінің отырысында ведомство қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау үшін қабылдаған шаралар туралы хабарлады.

Өз сөзінің басында Еңбекминінің басшысы ресми статистикалық деректер бойынша Қазақстанда 324 мың кәсіпорында 6 млн 650 мыңнан астам жалдамалы қызметкер еңбек қызметін жүзеге асыратынын атап өтті. Олардың жалақысы өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 6,9%-ке өсті.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің еңбек нарығы тиімділігінің рейтингі бойынша Қазақстан 30-шы орыннан 25-ші орынға көтерілді. Еңбек қатынастарына байланысты мәселелер біртіндеп шешілуде», – деді министр.

Еңбекмині басшысының айтуынша, жалақы бойынша жалпы берешек бүгінгі күні 724 млн теңгені құрайды, жыл басынан бері ол 49%-ке немесе 696 млн теңгеге азайған.

«Биыл еңбек инспекторлары жалақы бойынша 4,2 млрд теңге берешекті өндіріп алған. Осылайша, қабылданған шаралардың нәтижесінде 31 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды.

Жалақы бойынша берешекті дер кезінде өтеуді күшейту мақсатында ағымдағы жылы заңнамалық тәртіппен жұмыс берушіге берілетін мемлекеттік еңбек инспекторы нұсқамасының мәртебесі сот орындаушысының бұйрығына теңестірілді. Бұл жалақы бойынша берешек үшін жұмыс берушілердің шоттары мен мүлкіне қосымша тыйым салуға, елден шығуға шектеулер енгізуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.

Министр сондай-ақ, 2020 жылы ҚР Үкіметі жұмыс орындарын сақтау және құру бойынша теңдессіз шаралар қабылдағанын атап өтті.

«Карантин кезеңінде 476 млрд теңге сомасына 4,6 млн адам бір ең төменгі жалақы (42500 теңге) мөлшерінде табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер алды.

Әкімдіктер, кәсіподақтар мен өңірлер кәсіпорындары арасында өзара ынтымақтастық туралы 131 мыңнан астам меморандум жасалды. Жұмыс берушілер алған міндеттемелерін орындау кезінде 2 млн 300 мың қызметкер үшін жұмыс орындарын сақтау қамтамасыз етіледі.

Дағдарысқа қарсы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылуда. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасын», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды қоса алғанда, жұмыспен қамту іс-шараларымен 1 млн 390 мың адам қамтылды, оның ішінде 730 мыңы тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді», – деді Нұрымбетов.

Еңбекминінің басшысы сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындар ерекше бақылауда екенін атап өтті.

«Биыл ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ШЖК тартуға квота 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ке (48,7 мыңнан 29 мың бірлікке дейін) қысқарды. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша, 1,7 мың кәсіпорында 14 мың 600 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырады, оларда Қазақстандық қамту үлесі 96%-ті құрайды. Мемлекеттік еңбек инспекторлары ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ШЖК тартатын кәсіпорындарға 71 тексеру жүргізді, соның барысында 608 бұзушылық анықталды және жойылды», – деді Еңбекминінің басшысы.

Сонымен қатар, ол ҚР Еңбек кодексіне жұмыс берушілерді жұмыскерлерді еңбек үшін тең төлемақымен ғана емес, сондай-ақ қандай да бір кемсітусіз бірдей өндірістік-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етуге міндеттейтін толықтыру енгізілгенін қосты.

Біржан Нұрымбетов мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласында қабылдаған кешенді шаралары өндірістік жарақаттану бойынша оң динамиканы сақтауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Соңғы үш жылда (2017-2019 жж.) жарақаттану 15%-ке төмендеді (1678 адамнан 1430 адамға дейін) және оң динамика сақталуда. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша республика кәсіпорындарында 1 300 адам зардап шекті, оның ішінде 185 адам қайтыс болды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының талабы бойынша 33 лауазымды адам жұмыстан шеттетілді, 11 жабдықтың жұмысы тоқтатылды, құқық қорғау органдарына 812 іс жолданды, олар бойынша 97 қылмыстық іс қозғалды», – деді министр.

Еңбекминінің басшысы сондай-ақ ел кәсіпорындарында тұрақтылықты қамтамасыз етуде әлеуметтік әріптестік маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Жұмыскерлерге қосымша жеңілдіктер мен қолайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейтін ұжымдық шарттардың саны 145 мыңға жетті, оның ішінде ірі және орта кәсіпорындарды қамту деңгейі 96%-тен асады. Сонымен қатар, 22 салалық және 200 өңірлік келісім бар», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, еңбек қатынастарын реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында биыл ҚР Еңбек кодексіне және «Кәсіптік одақтар туралы» Заңға азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға және кәсіподақтардың қызметін жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізілді.

Хабар 24 телеарнасы