418,54 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Пандемия демографияға әсер етті

  • 208
  • UPD: 22:49, 29.12.2020
Пандемия демографияға әсер етті

Алматыда жыл басынан бері 42 мың 19 сәби дүниеге келген. Былтыр 42 428 бала жарық дүние есігін ашыпты. Пандемияның әсері демографияға да салқынын тигізген сыңайлы. Коронавирус әсіресе аяғы ауыр әйелдерге екі есе қауіпті болды.

Алматылық Индира Битаева жақында ғана бесінші сәбиін өмірге әкелді. 38 жастағы көп балалы ананың жүктілік мерзімі пандемия уақытымен сәйкес келген. Үрей мен үміт арпалысқан күндер артта қалды. Кішкентай Мансұрды Нұрмахановтар отбасында екі ағасы мен екі әпкесі асыға күтуде.

Индира Битаева, көп балалы ана:

- Осы жүктілігім алдыңғыларына қарағанда аздап қорқынышты болды. Пандемия аяғы ауыр келіншектерге екі есе қауіпті. Сондықтан барлық талаптарды сақтап, үйден шықпауға тырыстым. 9 ай осылай өтті.

Алматыдағы тәуекел тобына жататын екіқабат әйелдерді босандыратын перинаталдық орталықта биыл 8146 сәби дүниеге келді. Ал 2019 жылы бұл жерде 7019 бала жарық дүние есігін ашқан.

Мамандардың айтуынша, биыл болашақ аналардың күйзеліске түсіп, мерзімінен ерте босану жағдайлары көп тіркелді. 

Роза Қайранбаева, №3 перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі:

- Босанып жатқан кезде де кәдімгідей өзіңізге сұрақ қояды «дәрігер, балам аман есен ба, аяқ қолы сау ма», «барлық жері дұрыс па, неге». Өйткені неге? Өйткені мына пандемия бүкіл халықтың үрейін өршіте түсті. Сондықтан олардың үрейін басып, біз барлығын анықтап, көзіне көрсетіп, өзін жұбатып, аман-есен қарсы аламыз.

Пандемияның еліміздің демографиясына кері әсері болғаны анық. Дегенмен, салыстырмалы түрде алғанда биыл қалада алтын алқа мен күміс алқа иегерлерінің саны артқан. Мәселен, 2019 жылы 193 ана ерекше мәртебеге ие болса, биыл 241 ана 6, 7-балаларын бауырына басып, көп балалылар қатарын көбейтіп отыр. Мұндай өсімді мамандар бала санына қарай берілетін жәрдемақымен байланыстырады.  

Дәрия Бердібаева, ЕӘҚКҚК Алматы қ. бойынша департаментінің бөлім басшысы:

- Төрт балалы отбасыға жаңа жылдан 46 705 теңге, 5 бала үшін 58 457 теңге, 6 бала үшін 70 154 теңге және 7 балалы отбасылар үшін 81852 теңгеге дейін жәрдемақы мөлшері артады. Алтын алқа және күміс алқа иелері өздеріне берілетін жәрдемақыға қоса көп балалы отбасыларға берілетін мемлекетік жәрдемақыны да қатар ала алады.

Мамандар алдағы жылдары шілдехана көбейеді деп болжап отыр. Себебі Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолдан ұрықтандыруға берілетін квотаның саны 10 есе артты. 2021 жылдан бастап, табиғи жолмен бала көтере алмайтын 7000 әйел тегін ЭКО жасата алады.

Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов, Әбен Нарымбаев

Хабар 24 телеарнасы