429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда Медеу ауданының тұрғындары үйін газға қоса алмай жүр

  • 300
  • UPD: 21:39, 29.12.2020

Алматының Медеу ауданындағы көп қабатты үйдің тұрғындары бір жылдан бері табиғи газға қосыла алмай әлек болып жүр. Жұрт аудан әкімдігі мен жауапты мекемеге өтініш айтудан шаршаған. 

Бұл үй Алматының Думан-2 ықшам ауданында орналасқан. Газ құбыры дәл іргеде тұр. Көрші үйлер көгілдір отынға қосылған. Тек сегізінші үйдің мәселесі шешілмеген. Аудан әкімі соңғы рет келгенінде жауапты адамдарға «екі аптада газ қосылсын» деп бұйрық беріпті. Бірақ өзгеріс жоқ.

Жанна Ахметова, Медеу ауданының тұрғыны:

- Медеу ауданы, бұл сұмдық қой. Медеу ауданында тұрып бізде газ жоқ. Бір ауылдың бір шетінде тұратын сияқты жағдайымыз. 

Тұрғындардың дені қазір электр плита қолданып отыр. Ол ыңғайсыз әрі ақшасы көп шығады дейді. Ал кейбір отбасылар қауіпті болса да пропан баллонын пайдаланады екен. Сегізінші үйдің тұрғындары жазда әр пәтерден 15 мың теңгеден жинап бергендерін айтады. 

Марат Сұлтанов, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Газдың представителі бар Жанна деген осында. Соған бүкіл үйлер өткізді 15 мыңнан. Қосамын деді қоспай қойды. Августа жинап берді ғой бәрі. 

Ханымкүл Тағаева, Медеу ауданының тұрғыны:

- Мен өз көзіммен көрдім үлкен баллонды алып кіріп жатқанын. Өзім қорқып кеттім да мен әкімшілікке тағы звондадым. Мына жерде баллонды алып, кіріп бара жатыр подъезге. Бұл қалай болады екен, ертең бірнәрсе болып қалса мына адамдарға деп звондап едім, мен тағы да біліп хабарын айтам деді. Тағы да хабар жоқ. Сол ертеңмен қалып кетті.

Көгілдір отынмен қамтамасыз ететін компанияның өкілі бұл үйде газ тарату жүйесіне қосуға арналған техникалық шарттар толық сақталмаған дейді. 

Жайық Әлішев, газбен қамтамасыз етуші мекеме өкілі: 

- Үйді тексеру барысында газ қызметкерлері жаңағы венканалдың жоқтығын анықтады. Және де үйге адамдар 100 процент қоныстамаған. Және де кейбір газ трубалары ауа қысымымен тексерілмеген. 

«Кемшіліктер түзетілетін болса, көгілдір отынға бірден қосамыз» дейді мамандар. Ал үйдегі газ инфрақұрылымына жауапты монтаждаушы компанияның басшысы осы олқылықты барынша тез жөндейтінін айтып, уәде берді.

Авторлар: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы