421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар 24» тілшілері пандемия кезінде қалай жұмыс істеді?

  • 96
  • UPD: 09:25, 30.12.2020

Жер-жаһанды жайлаған індет барша жұртты әбігерге салғаны рас, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің түкпір-түкпірінен біздің арна тілшілері дер кезінде ашық әрі нақты ақпарат таратуға тырысты. Әлі күнге бұл жұмыс үзілген жоқ. «Хабар 24» телеарнасының халықаралық жаңалықтар бөлімінің тікелей эфирлерге шығуы 4 есеге өскен.

Әлемде қауіпті індет ойран салып, халық үйлерінде қамалып отырған кезде арнамыздың шетелдегі тілшілері нағыз ауру ошағында жауынгер сынды қызмет етті. Тіпті елге қайтып, жақындарымен қауышуға мүмкіндік жоқ. Шекара жабық, ал телеарнаға тәулік бойы үздіксіз ақпарат керек. Әріптестеріміз ауру ошағына барып, өздерінің және отбасы мүшелерінің денсаулығын қатерге тіккені рас. Дегенмен тілші үшін міндет пен парыз басты орында.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

– Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды. Біздің арнаның шетелдегі тілшілері пандемия уақытында тынбай талмай еңбек етті. Соған дәлел, биылғы берілген ақпарат саны төрт есеге ұлғайған. Біздің әріптестер талмады, демалыс алмады.

«Хабар 24» арнасының жан-жақтан ақпарат тарататын меншікті тілшілері бар. Биылғы атқарылған жұмыс орасан. Әлемді жайлаған індет денсаулықтарына қауіп төндірсе де, әріптестер дер кезінде хабар жеткізіп отыруға тырысты. Тіпті ұялы телефон арқылы тікелей эфирлерге қосылды.

Ғалымжан Қараманұлы, Ұлыбританиядағы меншікті тілші

– Локдаун кезінде тікелей эфирге шығу мүмкіндіктері кеңейді. Қазір ұялы телефонның көмегімен-ақ студияға қосылу мүмкін болып отыр. Бұл жұмыстың қызығымен қатар әрине қиындығы көп. Бірақ смартфон арқылы «Хабар 24-пен» байланысқа шығу ақпаратты жедел жеткізуге және жұмысымды едәуір жеңілдетуге өз септігін тигізді.

Лондонда пандемия кезінде халықпен және сала басшыларымен сұхбаттасу мүмкін болмай қалған. Барлығы вирус жұғады деп қорықса керек. Көше жүргіншілерімен екі метрлік әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, микрофонды алыс ұстап, сұхбат жазуға тырысып, спикерлермен скайп арқылы байланысып отырдық дейді Ғалымжан.

Ал Түркиядағы әріптесіміз Меруерт қаладан қалаға қатынап тынымсыз еңбек еткенін жеткізді. Оның айтуынша, медициналық масканы қабаттап тағуға тура келген. Барлық сақтық шараларын қатаң сақтағандықтан, қауіпті кеселден аман қалдық дейді.

Меруерт Қанағат, түркиядағы меншікті тілші:

– Пандемия кезінде еліміздің азаматтары осы түріктің демалыс орындарын таңдады. Сол уақытта бірінші және екінші ұшақ сапарлары келгенде борттан коронавирус жұқтырған науқастар да табылды. Ол кезде біз Анталияға жүгірдік. Ыстамбұлда транзиттік жолаушылар қалып қойды. Ол кезде біздің жұмысымыз тікелей ауруханалар мен әуежайлармен ауырған азаматтарымыз болды.

Ең маңыздысы, бір тілді білу жеткіліксіз. Ол тілде сөйлейтін халықтың психологиясын тануың қажет. Себебі сұхбатта спикер айтқан ақпаратты айна-қатесіз көрерменге жеткізе білу керек. «Хабар 24» халықаралық бөлімі эфирдің көп бөлігін ақпаратпен қамтамасыз етіп отырғаны рас. Қытай, Ресей, Ақш, Өзбекстан, Франция, Бельгия, Оңтүстік Корея және Германиядан үздіксіз байланысқа шығып отырған тілшілеріміз бар. Елден жырақта болса да, еңселері түспеген әріптестер жылды қорытындылағанымен, жаңалық жаршысы болудан бас тартпайды.

Гүлзия Нақыпқызы, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы