420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі қай қалада?

  • 310
  • UPD: 15:12, 30.12.2020

Біреу сенсе, біреу сенбес, ол еліміздің солтүстік қақпасы – Петропавлда екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазақстан Конституциясы» деп аталады. Бір басынан екінші басына дейін екі жарым шақырымдай болып қалады. Биыл бұл көше ерекше безендіріліп, тұрғындардың таңданысын туғызды.

Серікбай Жәнібеков былтыр Көкшетаудан Петропавлға көшіп келді. Осында сүт зауытын басқарады. Қолы босаса дронмен қаланың көрікте жерлерін түсіруге құмар. Өзі орталықта Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында тұрады.

Серікбай Жәнібеков, қала тұрғыны:

– Әлі талай жерде мен болған емеспін. Бірақ қала өте әдемі. Мен көптеген қалада болғанмын, бірде бір қалада жаяу жүргіншілерге арналған көшені көрген емеспін.

Шынымен де солай. Қазақстан Конституциясы көшесінде көлік жүрмейді. Бұл адамдардың күнделікті серуендеп, серігіп қайтатын жері.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Бұл жаяу жүргіншілер ғана жүретін әлемдегі ең ұзын көшелердің бірі. Ұзындығы – шамамен екі жарым шақырым. Биыл жаңа жылдың алдында бұл көше ерекше кейіпке енді. Міне, бәрі жарқырап жайнап тұр. Кешке тіпті керемет.

Бұл көше көне ғимараттарымен де танымал. Мысалы, мына бір нысан 19 ғасырдың соңында салынған. Сол кездегі көпестің үйі. Қазір тарихи-өлкетану мұражайы.

Самрат Құскенов – солтүстіктің жас ақыны. Биыл ол қаладағы 160 көшені жаяу жүріп зерттеп, әрқайсының шығу тарихын түгендеді. Солардың бірі – Қазақстан Конституциясы.

Самрат Құскенов, көшетанушы:

– Бұл көшенің тарихы Петропавл бекінісінің құрылысымен тұспа-тұс келеді. 19 ғасырдың екінші жартысы және 20 ғасырдың бас кезінде салынған ғимараттар сыр шертеді. Абай мен Пушкиннің ескерткіші, Сәбит Мұқанов ескерткіші, көшенің басында ҰОС ардагерлеріне арналған алау бар. Соның бәрі адам баласына шабыт береді. Шабыттың көшесі десек қателеспегеніміз.

Ресми деректерге сүйенсек, әлемдегі жаяу жүргіншілердің ең ұзын жолы Дания астанасы – Копенгагендағы Стрёгет көшесі болып саналады. Ұзындығы – 1 шақырым 850 метр. Сондықтан оның орнын Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы басады деуге толық негіз бар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы