420,66 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысындағы бірнеше ауылдың көпжылғы мәселесі шешімін тапты

  • 145
  • UPD: 11:39, 30.12.2020

Тартоғай елді мекенінің тұрғындары бұдан былай тат басқан, әбден тозған құбырдан су ішпейтін болды.

Ал жаңатұрмыстықтар жыңғыл шауып, отын жағу бейнетінен арылды.

Екі мыңнан астам тұрғыны бар Тартоғай елді мекенінде көп жылдан бері ауыз су тәулігіне екі рет небәрі 1 жарым сағаттан ғана беріліп келген. Ауыл тұрғыны Айсұлу Әбдіқалықова тіршілік нәрінің әр тамшысын үнемдеп, күн сайын үлкен ыдыстарға жинап алатынын айтады. Жаңа су жүйесі іске қосылғаннан кейін бұл қиындықтар артта қалады деп үміттенеді ол.

Айсұлу Әбдіқалықова, Тартоғай ауылының тұрғыны:

– Осы мәселе шешіледі деп күтіп отырмыз. Су тоқтамаса екен дейміз. Үнемі ағып тұрса екен дейміз.

Тартоғайлықтардың талай жылғы арманы орындалды. Жаңадан салынған бас су тоғаны іске қосылды. Елді мекенге 30 шақырымдай су желісі жүргізіліп, бұрын-соңды құбыр тартылмаған ауыл шетіндегі үйлердің де мәселесі шешілген.

Басаман Пірімбетов, Тартоғай ауылының тұрғыны:

– Дегенмен судың көлемі аз болды, 100 кубтық қана су болды. Ол халыққа жетпейді. Халық өсіп жатыр жылдан жылға, көбейіп жатыр. Бағдарламадағы осы жұмыс біткеннен кейін елді мекеннің барлығына қазір толық су тартылып,24 сағат су беріліп тұр.

Ал бұл табиғи газ алауы Жаңатұрмыста тұтанды. Осылайша елді мекен Шиелі ауданындағы газдандырылған үш ауылдың қатарына қосылды. Көгілдір отын келгеніне қуанған келіндер жағы ең әуелі ырымдап, қазақтың ұлттық тағамы бауырсақ пісіріп, мәз-мейрам болды.

Гүлзира Сыздықова, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

– Тасып алып келеміз, такси жалдаймыз. Және үйде от жағып, түтін шығып, күлін аламыз. Қазір әлдеқайда жеңілдеп қалдық.

Айта кетейік, ендігі кезекте Шиелі ауданының орталығына жақын Нартай Бекежанов, Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдарын газдандыру жоспарланған.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы