426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттік дәрігерлер өкпесі 90% қабынған әйелді аман алып қалды

  • 239
  • UPD: 12:40, 30.12.2020
Шымкенттік дәрігерлер өкпесі 90% қабынған әйелді аман алып қалды

Шымкент қаласында 17 желтоқсан күні жаңа босанған әйел ауыр халде перзентханадан қалалық жұқпалы аурулар орталығына ауыстырылған.

Оның ауруханаға түскен кездегі жағдайы өте ауыр болған, әрі өздігінен дем ала алмаған науқасты дәрігерлер жансақтау бөліміндегі өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан, деді Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Компьютерлік томография нәтижесінде науқас өкпесінің 90%-і зақымдалғаны, екіжақты пневмония екені анықталды. Бұған қоса ПЦР сараптамасы бойынша жаңа босанған әйелде Covid-19 вирусы бар екені белгілі болады.

Науқаста тыныс жетіспеушілігінің 3-дәрежесі, айқын интоксикациялық синдромы, тромбациттің төмен болуы сынды асқынулар болған. 1982 жылғы әйелге дәрігерлер хаттама бойынша толық ем көрсетіп, антикоагулянтты және антибактерильдық терапия бойынша көмек көрсетеді.

«Науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Өздігімен тыныс алуда. Тыныс алу жиілігі жақсарған. Қандағы оттегі мөлшері 98% құрайды. Қайта жасалған компьютерлік томография қорытындысы өкпе қабынуының 30% азайғанын көрсетті», - дейді қалалық жұқпалы аурулар орталығының акушерлік бөліміне жауапты дәрігер анестезиолог-реаниматолог Айжан Бейсенгірова.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары әйелдің денсаулығы жақсарып, 29 желтоқсан күні ауруханадан шыққанын хабарлады. 

Хабар 24 телеарнасы