420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде 400 көп балалы отбасы баспаналы болды

  • 81
  • UPD: 18:07, 30.12.2020

Жылдар бойы кезекте тұрған жандарға пәтерлер жаңадан салынып жатқан «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан бұйырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұқтаж азаматтарға үйлер мемлекеттік қордан үлестіріліп жатыр. Жалпы жыл басынан бері облыс орталығында әлеуметтік санаттағы отбасылары үшін 1 мың 362 пәтер қолданысқа берілген. 

Қарлығаш Садықова пәтер кезегінде 10 жыл бойы тұрған. 6 баланың анасы айлығымыз шайлығымыздан аспағандықтан баспана алуға мүмкіндік болмады дейді. Сондықтан көпбалалы отбасы мемлекеттік қордағы үйлердің бірінен үмітті болғанын жасырмайды. Биылғы жаңа жыл қарсаңында көптен күткен арманы жүзеге асып, үш бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Қарлығаш Садықова, қала тұрғыны:

– Бұған дейін бізр саяжайда тұрдық. От жағып отырдық. 6 балам бар. Құдайға шүкір, үй алып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр. Көп-көп рақмет. Жаңа жыл барлығымызға қуаныш әкелсін.

Қарлығаш Садықовамен қатар бүгін 60 отбасына жаңа пәтерлердің кілті үлестірілді. Барлығы да – баспанаға мұқтаждардың тізіміне ілінгендер. Айта кету керек, жыл басынан бері Ақтөбе қаласында әлеуметтік әлжуаз мың отбасына үй берілген болатын. Олардың ішінде көпбалалы аналар ерекше назарда.

Жандос Әлімов, қалалық тұрғын-үй қатынастары бөлімінің басшысы:

– Бізде 2000 көпбалалы аналар кезекте тұр. Соның 400-не үй берілді. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шара.

Қазір Ақтөбеде 24 мыңнан астам азамат мемлекет қорынан берілетін пәтерге үміткер ретінде кезекке тіркелген. Сондықтан мұқтаж жандарға жалдамалы баспанадан өзге де мемлекеттік бағдарламалар да ұсынылады. Мәселен «Бақытты отбасы» жобасы аясында биыл ақтөбелік 302 жан өтініш білдірсе, 276 отбасы баспаналы болды.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы