421,39 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жерді иеленіп, бірақ кәдеге жаратпаған шаруаларға салық көбейеді

  • 153
  • UPD: 20:39, 30.12.2020

Ел бойынша төрт өңірде 8 миллион 300 мың гектар жер мақсатсыз пайдаланылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқа аймақтардағы жағдай әлі белгісіз. Бірақ ғарыштық мониторинг мәселені түбегейлі шешуі мүмкін. Қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы алқаптарын арнайы аппараттармен тексеру көзделіп отыр. Және Президент жүктеген міндеттің бірі – жерді иеленіп, бірақ кәдеге жаратпаған шаруаларға салық көбейеді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштан бақылау технологиясы елде қаңтар айынан бастап толық енгізіледі. Бұған дейін жоба Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облысында пилоттық негізде жүзеге асырылған.

Сол арқылы аталған 4 өңірде миллиондаған гектар жердің игерусіз жатқаны анықталды.

Гүлжахан Бимендина, ҚР АШМ Жер ресурстары комитетінің төрағасы:

- Бұл 4 облыстың ғарыштық мониторингтің істеген жұмыстары 8,3 млн гектар жерді тиімсіз пайдаланды деп көрсетіп отыр. Екінші берілген тапсырма 10 еседен 20 есеге пайдаланылмайтын жерлердің салықтық базасын көбейту.

Енді ауыл шаруашылығы жерлері мақсатты пайдаланылмаса, бұрынғыдан 2 есе салық төленеді. Демек, алқапты игеруге келгенде шаруалар асығуы тиіс. Әйтпегенде жер мемлекет меншігіне қайтарылады.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және оны мемлекетке қайтару жұмыстары бұрынғы жылдармен салыстырғанда соңғы 2 жылда қарқынды жүргізіліп жатыр. Мысалы 2016, 2017, 2018 жылдары қайтарылған жерлерге қарағанда, кейінгі жылдарда 2 есе көбейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі екі бірдей заңға өзгерістер енгізді. Жер қатынастарын цифрландыруды көздейтін құжат сала жұмысын қағазбастылықтан арылтпақ.

Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Жер қатынастары ашық болады. Шаруалар қай жер телімін сатып алуға болатынын алдын ала көріп-біліп отырады. Сөйтіп, әрі қарай барлығын электронды түрде жүзеге асырады. Қағаз күйінде қызмет көрсету азаяды.

Жерді ғарыштан бақылау жобасы өз тиімділігін көрсетті. Енді өзге өңірлерге енгізіледі. Ал алқапты тексеру кезеңдері мен қайтару мерзімі қысқарады. «Әзірге екі жылдан бір жылға дейін», - дейді сала өкілдері.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы