419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық көкөністер экзотикалық жемістерден неге қымбат?

  • 118
  • UPD: 21:18, 30.12.2020

Алыстан әкелінген ананасқа қарағанда Қазақстанда өсірілген қияр қымбат.

Мұндай қарама-қайшылық жаңажылдық дастарханға қамданған халықты қайран қалдырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, базарды делдал басып алған. Елордалық жылыжай басшысы өз өнімін нарыққа өткізуде қиналатынын айтады. Отандық өнім импорттық тауардан неге қымбат? Делдал қызметін кім қадағалайды?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Өзбектің құрмасы, Түркияның апельсині, Марокконың мандарині – дүкенде жемістің небір түрі самсап тұр. Тіпті Израильдің алмасы мен қолжетімді импорттық грейпфрут та кездеседі. Енді сөренің ту сыртындағы  көкөністерге көз жүгіртсек. Мынау отандық жылыжайдың қияры. Бағасы 1215 теңге. Өзге сұрпын іздеп едік, оның бағасы тіптен шарықтап тұр. Келісі 1800 теңгеден асады. Қызанақтың да бағасы қалтаға салмақ түсіреді. Осы ретте отандық көкөніс пен экзотикалық жемістің бағасына қатысты халық пікірін сұраған едік.

Блиц 1:

- Әрине сезіледі. Алыстан әкелінсе де бағалары бірдей.

Блиц 2:

- Өзіміздікі қымбаттау. Бұрындары 500-ден, 600-ден алатынбыз. Қазір мыңның сыртынан шығып тұр.

Блиц 3:

- Қияр мен қызанақ 700-800 теңге шығар бағалары, мен алған жоқпын әлі. Мандарин 470, ананас 570 пе солай, 600-ге жетеді.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Ал мына кісі бағасы үш есе қымбатқа түсетінін біле тұра, қияр мен қызанақты үй маңындағы дүкеннен алады екен.

Ия, сауал қойған үш адамның екеуі мұндайға үйреніп кеткенін айтады. Өйткені қыс түсе, маусымдық өнімнің қымбаттауы заңды құбылыс деп біледі. Біз де қала ішіндегі дүкендегі көкөніс бағасы қымбат шығар деп түйдік. Сөйтіп, қолжетімді бағадағы қиярды үлкен базардан іздедік.

Аңдасақ, ең арзаны мың теңге екен. Сөйтіп, 1800 теңгеге тәуірінен таңдап алдық. Дәл сол базарда Бразилиядан әкелінген ананас бар. Бағасы өзіміздің қиярмен тең. Оны да алған соң елордалық жылыжай басшысымен кездестік. Одан қызанақ пен қиярдың бастапқы бағасын сұрадық.

- Сонда сіз келісін қаншаға өткізесіз делдалға?

Болатбек Жоланов, жылыжай басшысы:

- Енді жарты бағасына. Мысалы үшін 1000 теңге болса, 500 теңгеге өткізесің. 400 теңгеге өткізесің. Шірітіп аласың, жарамай қалады ол.

Болатбек Жолановтың айтуынша, базар біткеннің барлығын делдалдар басып алған. Олардың көмегінсіз өнімді саудагерге өткізу мүмкін емес. Әупірімдеп өткізем дегенше көкөніс үсіп-шіріп кетеді. Сондықтан делдалдың қызметіне амалсыз жүгінеді.

Болатбек Жоланов, Нұр-Сұлтан қаласындағы жылыжай басшысы:

- Ал оны қадағалаушы олардың артында біртүрлі адамдар тұруы мүмкін, делдалдардың артында. Ал делдалдар сол қалаған бағасын қойып, сөйтіп сатып, бағаны көбейтіп, өсіріп жіберіп отыр.

«Тер төгіп еккен өнімнен пайданы біз емес, бірді-бірге қосып өткізетін делдалдар көреді», - дейді жылыжай басшысы. Салдарынан салмақ халықтың қалтасына түседі. Жалпы нарықтағы делдал қызметі реттеле ме? Реттелсе, оған қай мекеме жауапты?

Осыған қатысты ресми сауалымызды Ауыл шаруашылығы мен сауда және интеграция министрлігіне бірдей жолдаған едік. Сауда министрлігінің өкілі атап өткендей, қияр мен қызанақ бағасы нарықтағы сұранысқа қарай реттеледі.

Рашид Жорабеков, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің басқарма басшысы:

- Ішкі сауда қағидаларына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына ғана бағаларды реттеу қарастырылған. Оған көкөніс ішінен төрт тауар ғана кіреді. Картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат. Қияр мен қызанақтың бағалары Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне кіреді.

Отандық жылыжайларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Несие, түрлі жеңілдіктер беріледі. Есесіне, еңбегі жанған жылыжайлар нарықтың сұранысын толық қанағаттандырып отыр. Ауыл шаруашылығына жауапты ведомствоның маманы берген сұхбаты осыған саяды.

- Нарықтағы сұранысты толық қанағаттандырса, баға неліктен өседі?

Жауһазын Өмірбекова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің маманы:

- Бұл енді баға. Бағаға негізі біз жауап бермейміз.

- Кім жауап береді?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Сұрағымызға жауап бере алмай, маман қипалақтап қалды. Бұл сауалға жауап беретіндей құзыреті жоғын айтып ақталды.

Сол күйі делдал қызметіне қатысты сауалға мардымды жауап ала алмадық. Екі арада сатып алған жеміс-көкөнісіміз бұзылу алдында шақ қалды. Онымыз ысырап болмас үшін әріптестеге арнап жаңа жыл қарсаңында екі түрлі салат жасауды ұйғардық.

Мынау отандық жылыжайдың қияры мен қызанағынан жасалған салат. Әрқайсысын бір келіге жетер-жетпестей алған күннің өзінде, үш мың теңгедей жұмсадық. Ал, шеттен әкелінген ананас, алма мен йогурт қосылған экзотикалық салаттың құны одан 1000 теңгеге арзанырақ түсті. Әрине, жаңажылдық дастархан жайғанда қос салатқа қажет бұл өнімдерден ешкім бас тартпайды. Тек отандық өнімнің экзотикалық жемістен қымбатқа түсетіні ішті қынжылтады. Қайткен күннің өзінде мереке қарсаңында бағаны көтеріп жіберетін делдалдың саудасы қыза түседі. Ал, түптеп келгенде оларға ешкімнің де әмірі жүрмейді.

Бақыт Топтаева, Нұрғали Мамырбаев, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы