418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысының ІІД тұрғындарға ескерту жасады

  • 114
  • UPD: 11:16, 31.12.2020

Жаңа жыл кешінде жарылғыш заттар атып, маңайындағы жұрттың мазасын алғандар енді айыппұл төлейтін болады. Бұл жайында Қарағанды облысының ішкі істер департаменті ескертіп отыр. Ал төтенше жағдай қызметі болса демалыс күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді. Дәрігерлер де жаңа жылды үйде отбасымен қарсы алуға, барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Әдетте жылдың соңғы күні сағат тілі түнгі 12-ні соққанда қаланың барлық аулаларында жаппай мерекелік отшашу болады. Биыл оған жол берілмейді. Түнгі 11-ден соң көрші-қолаңның мазасын алып, жарылғыш затты мезгілсіз атқандар 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.  

Жақат Есжанов, облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы:

- Қарағанды қаласы бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 856 полиция қызметкері наряд жұмысын жүргізеді. Демалыс күндері 23:00 сағаттан 10:00 сағатқа дейін азаматтардың тыныштығын бұзған үшін әкімшілік жазаға тартылады.  

Төтенше жағдай қызметі желтоқсанның 31-і мен қаңтардың 2-сі аралығында облыс аумағында қатты аяз тұратынын айтады. Сондықтан 5 күндік демалысты пайдаланып, алыс сапарға шығуды жоспарлап отырғандарға үйде қалуға кеңес береді.

Айта кету керек, былтыр дәл осы уақытта ескертуді елемеген 23 адам қар құрсауынан құтқарылған екен.

Ақылбек Ахметжанов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

- Ауа райының күрт нашарлауы күтілуде. Ол 20 градустан 43 градусқа дейін аяз және боран. Сондықтан облыс тұрғындары, елді мекендерден алыс шықпауларыңызды сұраймыз. Оның үстіне түнде жаяу немесе балалармен шығып кетпеулеріңізді, абай болуларыңызды сұраймыз.     

Жаңа жылдық мереке дәрігерлер үшін де нағыз қарбалас шақ. Бұл күндері ішімдікке тойып алған талай адам жарақат алып, соңы қайғылы жағдайларға әкеліп жатады. Мәселен, өткен жылы тек бір тәулік ішінде 500 адам травмотология бөліміне жүгінген. Бұл жәй күндердегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жоғары.

Ерік Шонбаев, Мақажанов атындағы клиниканың дағдарыс орталығы меңгерушісі:

- Әсіресе жол-көлік апаттары, түрлі жанжал кезіндегі жарақаттар, ішімдіктен улану жағдайлары көбейеді. Сырғанақта абай болған дұрыс. Балаларды қараусыз қалдырмау керек. Себебі жаңа жылдық кеште жарақат алатындардың 30-35 проценті бүлдіршіндер.  

Өкінішке орай, көңіл көтеремін деп жүріп өмірімен қоштасып жатқандар да аз емес. Былтыр осы күні 35 адам жансақтау бөліміне түссе, 11 адам мерт болған. Сондықтан мамандар кеңеске құлап асып, мерекені жанұяның ортасында өткізуді сұрайды.

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы