432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында мереке қарсаңында ғимараттар ел игілігіне берілді

  • 175
  • UPD: 11:17, 31.12.2020

Жаңа жыл қарсаңында Алматы облысы Еңбекшіқказақ ауданында бірнеше ғимарат салтанатты жағдайда ашылды. Аудан орталығы Есік қаласындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілсе, Көлді ауылында да қайта жаңғырған мәдени нысан ел игілігіне берілді. Сонымен қатар ауданда жаңа спорт кешені бой көтерді. 

Көлді ауылындағы Мәдениет үйінің ашылуын ауыл халқы асыға күтті. Биыл мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ғимаратты қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлінген. Енді мұнда түрлі үйірмелер болады.

«Ауыл жастары домбыра шертуді меңгеріп, ән шырқап, ұлттық дәстүрді жаңғыртып жатқаны қуантады. Ең бастысы, көптен күткен мәдениет үйін күтіп-баптап ұстау керек» дейді ақсақалдар.

Жарқынәлі Қаукеров, Көлді ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы:

- Бізде жастар көп. Жастарды өнерге, білімге баулуға бұның көп пайдасы тиеді. Әсіресе мектеп оқушыларына. Қазақтың жаны домбыра дейді ғой. Енді мінеки ашылды домбыра, би үйірмесі. Басқа да үйірмелердің ашылатын түрі бар. Мұны жақсылық деп есептеу керек.

Ал Құсайын Бижанов ауылында бір кездері жекеменшік қолына өтіп кеткен бұрынғы спорт кешені қайтадан мемлекет иелігіне қайтарылды. Оған осы ауылдың атымтай жомарт азаматтары атсалысты. Кешен «шынығып, шымыр боламын» дейтін жастар үшін қажетті жаттығу құралдарымен жабдықталған. Футбол сынды командалық ойын түрлерінен бөлек болашақта бокс пен күрес үйірмелерін ашу жоспарланған.

Ержан Нұрхалықов, ауыл тұрғыны:

- Құдайға шүкір, мына 2020 жылы мына спорт кешеніміз қайтадан жаңғырып, ашылып отыр. Біз қуаныштымыз. Осы жерде бокстан, футболдан талай чемпиондар шыққан. Осындай ауылда спорт кешендерінің ашылғанына қуанамыз. Осы ауылдан көп чемпион шығады деп ойлаймыз.

Ауыл тұрғындары жастарға көп үміт артып отыр. Олардың алдағы уақытта спорттық жарыстарда тек жеңіске жетуін тілейді. Спорт кешенінде әзірге 10 адам жұмыс істейді.

Алмас Садуақас,Еламан Райымбеков, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы