421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы ертегі қалаға айналды

  • 83
  • UPD: 11:19, 31.12.2020

Жаңа жыл қарсаңында Алматы ертегі қалаға айналды. Биыл әкімдік шаһарды безендіруге қаржы бөлінбейтінін хабарлаған еді. Соған қарамастан кәсіпкерлер қала көркі үшін аянбапты. Мәселен, орталықтағы жарқыраған шаммен әсемделген ертегі қалашық таңдай қақтырады. Жаңа жылдық безендіруге қарапайым тұрғындар да атсалысты.

Коронавирустың кесірінен биыл барлық мереке дабырасыз өтуде. Жыл ауысар сәтке де жылдағыдай басымдық беріліп жатқан жоқ. Дегенмен, қалада жаңа жылдық көңіл-күй сезіледі. Тұрғындар биыл дәстүр бойынша орталық алаңда немесе саябақта емес, ірі сауда үйлерінің алдындағы зәулім шыршаларды қызықтауда.

Дана Темірғали, қала тұрғыны:

- Неше түрлі видеоролик, клип түсіруге болады. Өзіміз де осыған түсуге келдік. Фотоға. Естелік болып қалсын деп. Үлкен шырша тұр. Оның өзі бір ғажайыпқа сенуге әсерін тигізеді ғой балаларға. Сол жағы ұнады.

Меруерт Серікқызы, қала тұрғыны:

- Түнгі Алматыны аралап шықтық. Өте әдемі, Өте қатты жақсы әсердеміз. Бәрі ұнауда. Жаңа жылда бұл ертегі қалаға айналған сияқты.

Ал мына ертегі қалашық кетіп бара жатқан жылдың ауырлығын ұмыттырып, келер жылға үміт сыйлайтындай әсер қалдырады. Биыл шыршаның қызығы мен Аяз атаның сыйлығынан құр қалған бүлдіршіндер де бір сәт ғажайыпқа тап келгендей таңырқауда. Сәтбаев көшесінің бойындағы бұл алаңқай да кәсіпкерлердің көмегімен безендірілген.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Қаланың ортасында пайда болған бұл ертегі қалашықтағы әсем безендірілген шыршалар, жарқыраған жұлдыздар, ертегі кейіпкерлері үлкенге де кішіге де мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Нағыз ғажайып әлем деуге болады. Алматылықтар мұнда тағы бір жаңа жылды есте сақтау үшін естелік фотоға түсуде. Бұл мүмкіндікті біз де құр жібермедік...

- Жасым бесте,  үйдің ең үлкенімін... Мына жақ өте күшті. еще жарқыраған безендіру де күшті.

Бұл жерде мерекелік көңіл күй, түрлі шыршалар, қаланың басқа жерлерінде де осындай керемет безендірілген жерлер болса, тіпті керемет болар еді.

Кекілбаев көшесіндегі көп қабатты үйдің тұрғындарының Жаңа жыл қарсаңында аулаларын сәндеп жүргендеріне 7 жыл болыпты. Көзге ерекше түскен шағын композицияны Даниил қоқысқа тасталған заттардан құрастырған.

Даниил Попов, қала тұрғыны:

- Менің мамандығым электрик. Интернетте біреулер істен шыққан шамдарын тегін берді. Соларды жөндеп, іске қостым. Шыршаның жанындағы ойыншықтарды қоқыста жатқан жерінен алып, безендірдім. Көршілерім де артық жылтырақтарымен бөлісті. 

Мына жаңа жылдық тізбекті жарықты Даниил өзі жасаған. Кәдімгі шамға түрлі-түсті жарық диодты шамды енгізген. Шебер әр жыл сайын композициясын байытып, көркейтпек ойда.

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы