420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда қоғамдық көлік жүргізушілері тұрғындарға тарту жасады

  • 80
  • UPD: 13:20, 31.12.2020

Атырауда жаңа жылдық автобустар жүре бастады. Қоғамдық көліктің жүргізушісі Аяз ата, ал кондуктор Ақшақар болып қатынаған қоғамдық көлік тізгіншілері жолаушылардың көңіл-күйін көтеруге кіріскен. Қауіпті індеттен қажыған халық үшін мұндай тарту қуаныш сыйлары сөзсіз.

Жүргізуші Аяз ата, кондуктор Ақшақар. Жаңа жылдық әшекейлермен әспеттелген автобус іші. Ауру алқымынан алған атыраулықтар автобусқа мінгенде алдымен аңтарылып қалады. Жаңа жылдық көңіл-күйді сезінгеннен кейін «бетперде таққан Аяз ата мен Ақшақарды алғаш көруіміз» деп те әзілдеседі.

Жаңылсын Серікбаева, қала тұрғыны:

- Мына әшекейлер, мына отырған кондуктордың Ақшақар киімі, бәрі өз әсерін тигізіп жатыр. Өте қуаныштымыз. Келе жатқан жаңа жылымыз құтты болсын! Бәрімізге жақсылық әкелсін, табысты болайық. Қонақтан шығып келе жатыр едім. Қызықтап келе жатырмын. Қуаныштымын. Көңілдімін.

Жаңа жыл да жетті. Алайда биыл былтырғыдай емес. Елдің еңсесі түскен. Осыны ескерген мұнайлы шаһардағы автопарктердің бірі тұрғындарға осындай сый жасауды ұйғарыпты.

Амангелді Құспанов, қоғамдық көлік жүргізушісі:

- Пандемия деп жатырмыз ғой, халық сезінбей жатыр жаңа жылды. Соған арнайылап көрініс ұйымдастырып жатырмыз. Халықтың кішкене көңіл-күйлерін көтерейік деп. Мініп түскен халықтар рақметін айтып түсіп жатыр, рақметін айтып мініп жатыр.

Мұндай ерекше қоғамдық көліктер күніне 500-600 адамды тасымалдайды. Жаңа жылдық автобустар осылай 6 қаңтарға дейін жолаушыларды діттеген жеріне жеткізеді.

Авторлар: Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы