420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда iKomek 109 және iQala жұмысы күшейтілді

  • 74
  • UPD: 12:03, 31.12.2020
Нұр-Сұлтанда iKomek 109 және iQala жұмысы күшейтілді Елорда әкімдігі

Нұр-Сұлтан әкімі iKomek 109 бірыңғай байланыс орталығы мен iQala қалалық қызметтер орталығына маңызды жұмыстары үшін ризашылығын білдіріп, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

Бұл туралы Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

«Биыл iKomek 109 бірыңғай байланыс-орталығы мен iQala қалалық қызмет көрсету орталығының жұмысы күшейтілді. Төтенше жағдай режимі кезінде блок бекеттердегі тоқтаусыз жұмыс, дәрі-дәрмек тасымалы кезінде және санитарлық дәрігердің қаулысын түсіндіру сияқты басқа да шаралар бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізілді.

iKomek 109 карантин кезінде елордадағы өмірлік маңызы бар сұрақтар бойынша бірыңғай жедел желі болды. Коронавирус өршіген кезде дәрі-дәрмек пен қорғаныш заттарын алу жөнінде қарт адамдар тарапынан да көптеген қоңырау түсті. Егер өткен жылы колл-орталыққа 1 млн 600 мың шағым түссе, биыл оның саны 2 млн 200 мыңға жетті».

Әкімнің айтуынша, төтенше жағдай кезінде жедел жұмыстарды жақсарту үшін мамандар саны екі есеге көбейтілген. Осы кезеңде елорда тұрғындары орталық мамандарынан карантиндік шаралар, қалаға кіру және шығу, нысандардың жұмыс режимі сияқты маңызды жаңалықтар мен өзгерістер туралы хабардар болып отырды. 

«Төтенше жағдай кезінде блок бекеттердегі қалаға кіру және шығу толықтай автоматтандырылды: электронды базаға тек «жасыл дәліз» бойынша ғана кіруге құқылы көліктердің нөмірі тіркелді. Бұл көліктердің азық-түлікпен, сонымен қатар қаланың маңызды салаларына атсалысатын жұмыскерлер тізімінде бар адамдармен ғана кіріп-шығуға мүмкіндігі болды. Бұл электрондық жұмысты сол сияқты «iQala» қалалық қызмет көрсету орталығы да ұйымдастырды. Сондай-ақ ТЖ кезінде ШОБ өкілдерінде де сайт арқылы қала ішінде жүріп-тұруға құқығы берілді.

iQala орталығы «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетеді. Мысалы, кәсіпкерлер немесе жеке тұлғалар бір орында жарық, су, жылу, қоқыс шығару және т.б. бойынша қызмет ала алады. Карантин уақытында орталықтың сайты арқылы электронды түрде қызмет алу жеңілдетілді. Орталықта 150-ден аса қызмет көрсетіледі. Егер 2019 жылы 3 600 қызмет көрсетілсе, 2020 жылы 69 мыңнан аса қызмет көрсетілді. Көрсетілетін қызметті арттыру үшін әрі қарай да жұмыс жүргіземіз», – деп жазды Алтай Көлгінов.

Хабар 24 телеарнасы